RU

Ақтөбеде 8 балалы жесір келіншектен балаларын тартып алғысы келетіндер көбейіп кеткен

Отандық телеарнада жарияланған жалған ақпарат Ақтөбеде 8 баласымен жесір қалған келіншектің өміріне қауіп төндіріп тұр.

Естеріңізге болса, NUR.KZ порталында 8 баласымен жесір қалып, тұрмыс қиындығын тартқан Айгүл Бермұхамбетова туралы мақала жарияланған болатын.

«Қолымдағы барым-балаларым, солар қайғырмаса екен» деген келіншекке оқырмандар көмек қолын созған болатын. Оқырмандар әп-сәтте бір бөлмені азық-түлік қоймасындай етіп, толтырып тастады.

«Мейірімді адамдар бар екен» деп шүкіршілігін айтып отырған келіншектің отбасын республикалық телеарнадан берілген ақпарат  астан-кестең етіп жатыр. Ақпаратта «қиын жағдайда өмір сүріп жатқан келіншек балаларын таратып жатыр» делінген.

Бұл ақпарат көпке жарияланғаннан кейін қорқытып хабарласатын қоңыраулар көбейді дейді келіншек.

«Күндіз-түні ұйқы жоқ. Адамдар хабарласып, қорқытып жатыр. Сен алаяқ әйел екенсің, салған ақшаны қайда жіберіп жатырсың? Балаларыңды сатып жатсың ба? Мен біреуін алайын, екі-үш балаңды мен алып кетейін, үлкен қызыңның суретін салып жібересің бе, мен оңтүстіктенмін, тоқал болып тисең жағдайыңды жасаймын, алып кетемін деген қоңыраулар берекемізді кетірді. Үйге бала сұрап, қаншама адам келді. Қазір балаларымды сыртқа шығаруға қорқып отырмын. Сұрауы жоқ екен деп біреу алып кетіп жүрсе, оларды қайдан табам? «Бала таратып жатыр» деген телеарна жалған ақпарат таратты»-дейді жылап хабарласқан Айгүл Бермұхамбетова.

Айгүл Бермұхамбетова NUR.KZ оқырмандары арқылы жиналған ақшаны тұрғын үй жинақ банкіне аударды. Басы бұзылмай, баспана алуға ақша жинауды ойлайды.

Телеарнадан берілген ақпаратта отбасыға көмек көрсетіп кеткен белсенділердің бірінің телефоны жазылған.

«Қазір телефонымды алуға қорқатын жағдайға жеттім. Ақшаны жинап болып, бала сатуға көштіңдер ме деген қорқынышты қоңыраулар маза бермей жатыр», - дейді белсенділердің бірі.

Айгүлдің бір қызы нағашы әжесінің үйінде тұрып жатыр. Бірақ ол баласы да демалыс күндерін өз отбасында өткізеді.

Бала тарату туралы ақпарат жергілікті журналистер арасында да көп талқыланып жатыр.

«Бала тарату дегенді мен де түсінбедім. Қазақта тұңғыш баласын атасы мен әжесінің тәрбиесіне беретіндер аз емес қой. Жиендерім мектепке барғанша біздің үйде өсті. Отбасы болған соң, түрлі жағдайлар болады. Қазір ол жиенімнің нағашы әжесіне бауыр басып қалғаны сол, өз үйіне кеткісі жоқ. Жалпы, мұндай жағдай тек біздің отбасыда емес, ауылда туыстарымыздың біразының басында бар. Оны ешкім баласын таратыпты, біреуге берді деп жатқан жоқ. Қала қазақтары пәтер жағалап жүргенде, баласын баға ма, ақша таба ма? Анамыз да әрдайым, «сендер аяққа тұрып кетсеңдер болды, ал жиен болсын, өз немерем болсын, әйтеур аман жүргенімізде, бағып-қағып берудің өзі біз үшін бақыт емес пе?!», - дейді анам. Сондықтан ақпараттың бұлай тарағаны орынсыз»,- дейді журналист Асқар Ақтілеуов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1000330-aqtobede-8-balaly-zhesir-kelinshekten-ba.html