RU

Атырауда 2 тоннадан астам қызыл балықты өртеп жіберді

Атырауда 2 тоннадан астам қызыл балық пен 24 келі қара уылдырық өртелді. Бұл өнімдер жыл басынан бері заңсыз балық аулаушылардан тәркіленген айғақ зат есебінде қоймаға жеткізілген.

Ал осынша өнімді өртеп жіберуге не себеп болды? Каспий теңізіндегі заңсыз балық аулау мәселесі – аймақтағы ең күрделі мәселелердің бірі. Балық қорғау ұйымдары қанша қырағылық көрсеткенімен, заңсыздық тыйылар емес.

Ал тәркіленген өнімдер бекіре зауытының қоймасына сақтауға жіберіледі. Жалпы тәркіленген балықтар арнайы мекемелердің рұқсатнамасынан кейін ғана саудаға шығарылады. Ал бұл жолы сақтау мерзімі асып кеткен өнімдер түгелімен отқа оранды.

"Екі тоннадан астам қызыл балық пен 24 келі уылдырық өртелді. Өйткені бұлардың қолдану мерзімі асып кеткен. Басқа амал қалмағандықтан, жоюға шешім шығардық", - дейді облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілі Ақтан Қуанов.

2015 жылға дейін тәркіленген бағалы балықтар жергілікті бекіре балығын өсіру зауыттары арқылы саудаға шығарылатын. Бірақ осы жылы құжат рәсімдеу мәселелері жыл аяғына дейін созылғандықтан, қоймадағы балық өнімдерінің қолдану мерзімі асып кеткен. Ал әкімшілік кедергілер жаңа жылдан бастап шешімін таппақ.

"Бүгінгі күнге бекіре тұқымдас балықтарды сату бағасы өкілетті органдармен бекітілген. Монополияға қарсы комитеттің келісімімен мәселе шешілді. Ендігі уақытта тәркіленген балықтар заңды түрде нарыққа сатылатын болды", - дейді «Жайық-Атырау» бекіре балығын өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемәлиев.

Жаңа жылдан бастап тәркіленген балықтарды енді бекіре өсіру зауыттары саудаға кедергісіз шығара алады. Сонымен қатар сатып алушыларға арнайы құжаттар берілетін болды. Мамандардың айтуынша, бұл қара базардағы балық саудасына да нүкте қоюуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1000442-atyrauda-2-tonnadan-astam-qyzyl-balyqt.html