RU

Болашақ медиа кадрлар мәселесі бүгін шешілуде

«Сиқырлы жәшіктің» ішінен сөйлеп, көгілдір экранның арғы бетінен сөйлеуді армандамайтын адам жоқ шығар, сірә. Фотоға кәсіби түсіре білуді, БАҚ жариялайтындай мәтін жазуды, жарнамалық кампаниялар мәтінін дайындауды үйреніп, жалпы медиа әлемінде өзіңізді суда жүзген балықтай сезінгіңіз келсе, «Қазмедиа орталығының» Медиа мектебіне келіңіз.

Ия, бүгінде Қазмедиа – тек Қазақстан журналистерінің ортақ «үйі» ғана емес, сондай-ақ, отандық телеарналарда қызмет істеп жүрген корреспонденттер, дикторлар, операторлар, режиссерлер, продюссерлердің, мемлекеттік органдар мен компаниялардың баспасөз қызметкерлері, PR және SMM-мамандардың біліктіліктерін арттырып, білімін шыңдайтын тамаша алаңына айналғалы қашан.

2013 жылы ҚР Мемлекеттік хатшысының бұйрығымен құрылған Медиа мектеп қазіргі таңда екі мыңға жуық тыңдамандарына 62 семнар, тренингтер мен ұзақ мерзімді курстар өткізіп үлгеріпті.

Шеберлік сабақтарын масс-медиа майталмандарына айналған шетелдік және отандық медиабапкерлер өткізеді. Олардың қатарына Юрий Бреславский, Денис Вишня, Бибігүл Жексембай, Ольга Каплина, Есенгүл Кәпқызы, Әлішер Елікбаев, Айгүл Мүкей, Қайнар Олжай, Мұрат Әбенов және өзгелерін жатқызуға болады. Олар үшін басты талап – академиялық сағаттардың 70 пайызын тәжірибелік сабақтар құрауы тиіс. Айта кету керек, барлық шеберлік сабақтар міндетті түрде тәжірибемен сабақталып отырады. Тақырыптың сан алуандығына қарамастан, мейлі студияны жарықтандыру туралы болсын, мейлі жаңалықтар мәтінін жазу туралы болсын, тыңдармандарға заманауи тәжірибелік кейстер жиынтығы ұсынылады.

Медиа мектеп үш бағытта жұмыс істейді: шығармашылық бағыт, техникалық бағыт және медиа-менеджмент. Соның ішінде, басты назар мемлекеттік тапсырыс алушы компаниялар мен аймақтық БАҚ-на аударылып келеді. Енді мектеп көшпелі тренингтер мен шеберлік сабақтарына көшуді мақсат тұтып отырған көрінеді.

«Қазіргі таңда журналистиканың кәсіби сапасының төмендеп бара жатқандығы жөнінде көптеп естіп жатамыз. Біздің мектеп сынды орталықтар аталмыш мәселенің шешімі болуы тиіс», - дейді Қазмедиа Медиа мектебінің директоры, журналист Дана Рысмұхамедова.

Оқу бағдарламасының портфелінде ұзақ мерзімді коммерциялық курстар да бар. Олар қазақ және орыс тілдерінде өткізіледі. Осы күнге дейін онда үш жүзге жуық маман біліктілігін арттырып үлгерді. «Мен – телеэкран жұлдызымын!» келушілерді актерлік шеберлікке баулып, камера алдында өзін-өзі ұстай білуді үйретсе, «На волне» дәрістерінде тыңдармандар радио диджейлері мен жүргізушілер жұмысының қыр-сырымен танысып, шешендік өнерді игереді. Білікті педагогикалық құрам, заманауи алдыңғы қатарлы техника мен технологиялар, телеарналармен өзара тығыз байланыс – қысқа мерзім ішінде медиаиндустрияға қажетті барша қасиеттерді игеруге мүмкіндік береді.

Медиа мектеп курстарының тыңдармандары – белсенді, алғыр, талапты жандар, біреуі біліктілігін арттыруға келсе, екіншісі өз бойында жаңа таланттар ашуда. Алайда, оның әрқайсысы өзінің кәсіби тәжірибесі арқасында қазақстандық медиа бейнесін нұрландыра түсуге әбден дайын.

*PR  құқында

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1000839-bolashaq-media-kadrlar-maselesi-bugin.html