RU

ШҚО-дағы тәртіп сақшысын полиция басшысының әйелі қағып өлтірген болуы мүмкін

Өскеменде 30 жастағы полицейді «Ниссан Мураномен» қағып өлтірген бойжеткен құрықталды. Бұл туралы YK-avto.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Қаза болған полицейдің есімі анықталды. Ол қылмыстық полиция бөлімінің қызметкері Мирхат Отчегаров болып шықты.

«25 жастағы көлік апатына кінәлі әйел уақтыша оқшаулағышқа қамалды. Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бойжеткен 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – дейді тәртіп сақшылары.

Желі пайдаланушыларының арасында бұл жайтқа қатысты түрлі сыбыстар тарап кеткен. Олардың сөзіне сенсек, полицей барған корпоративте әкімшілік полиция офицерінің жұбайы да болған.

Ресми емес мәліметтерге сәйкес, апатқа кінәлі әйел өз құрбысымен көлікке мас күйінде отырған. Апаттан кейін олар ізін жасыруға тырысқан. Алайда жол апатының нақты себебі әзірге аталмады.

Еске салсақ, жол апаты 26 желтоқсанда болған. Өскемен тұрғыны Nissan Murano-ны басқарып, 30 жастағы ШҚО қылмыстық полиция қызметкерін қаққан. Ер кісі жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1001111-shqo-daghy-tartip-saqshysyn-policiya-bassh.html