RU

Павлодарда көктайғақта құлап, қол-аяғын шығарып алғандар көбеюде

Соңғы үш күнде Павлодар қалалық №1 ауруханасына 260-қа тарта адам медициналық көмек алуға жүгінген. Олардың басым бөлігі көктайғақ кесірінен түрлі дене жарақаттарын алған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

№1 Павлодар қалалық ауруханасының медбикесі Бибігүл Боранбаеваның айтуынша, бүгін емдеу мекемесіне 90-нан аса адам келген.

"27 желтоқсан күні ауруханаға 93 адам жүгінсе, кеше жарақаттанғандар саны 78-ге жетті. Қазіргі уақытқа дейін 90-ға тарта павлодарлық түрлі себептермен бізге келуде. Бұлардың 80 пайызы мұндай күйге көктайғақтың кесірінен душар болып отыр. Көбінесе қол-аяғын шығарып алғандар немесе белін, санын, мойынын ауыртып алған адамдар келеді", - деді Боранбаева.

Ал Павлодар облыстық балалар ауруханасында өткен аптаның жұма-жексенбі аралығында 109 адам ақ халаттылардың көмегін алуға мәжбүр болған.

"Кеше ауруханамызға 35 бала келді. Олардың ішінде сегіз бала далада құлап қалған. Қазіргі уақытқа дейін келген 20 адамның тоғызы көшеде жарақаттанған", - деді облыстық балалар ауруханасы қабылдау бөлімінің аға медбикесі Ирина Смыщляева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1001465-pavlodarda-koktayghaqtan-qol-ayaghyn-shy.html