RU

Шымкентте 5 баланың анасын қағып өлтірген жүргізушіні бірнеше күннен бері полицейлер ұстай алмай отыр

Шымкентте жаяу жүргіншілер жолағында 5 баланың анасын қағып өлтірген қаскөй қашып жүр. Шиеттей бала-шағасын базарда нан сатып асырап келген Бақытгүл Әбдиева таңертең жұмысына жете бергенде құйғыта келген көлік қағып өтіп, жүргізушісі із суытқан.

Жан-жақта бақылау камералары бар, көпшілік жүретін базар маңы болса да, полицейлер 33 жастағы келіншекті мерт қылған адамды бірнеше күннен бері таба алар емес деп хабарлайды КТК арнасы.

Нан сатып бала-шағасын асырап жүрген Бақыткүл Әбдиева базарға жете бергенде көлік қағып ауыр жарақаттаған. Бір тәулік жансақтау бөлімінде жатқан 33 жастағы келіншек есін жимастан көз жұмды. Артынан барған туыстары оны тек үстіндегі киімінен таныпты.

"Аяқ, қол, бас сынған. Миға қан кеткен. Мен үкіметтен, бәрінен сұраймын қаққан жүргізушіні ұстап беріңіздер. Жазалаңыздар. Көріп отысыздар ғой қанша адамды қара жамылдырып отырғанын", - дейді марқұмның күйеуі Айдос Ілиясов.

Сенбі күнгі қайғылы оқиға көшедегі бақылау камерасына түсіп қалған. Таңғы 8 жарымда жолдың жиегіне шыға бере құйғытып келген ақ «Нексия» келіншекті 18 метрге ұшырып, қашып кетіпті.

Жалпы, базардың бірнеше жеріне камера орнатылған. Бюджет есебінен қойылған ішкі істер департаментіне қарасты камералардан бөлек, жол бойындағы бірнеше жанармай стансалары мен сауда орындарында да бейнебақылау камералары тұр. Бірақ апат болған сәттен бірнеше күн өтсе де полицейлер не көліктің нөмірін анықтай алмай, не көрдік деген куәні таба алмай жүр.

Бәрінен бұрын марқұмның шиеттей 5 баласына обал. Үлкені 12-де. Кішісі бір жастан енді асқан жетімектер бір-біріне тығылады. Ес жиған үлкені Бексұлтан мен Гүлнұр қыстығып жылайды. Енді шиеттей 5 бала екінші топтағы мүгедек әкесіне қалды. Туыстары енді полицейлер жабылып таба алмай жүрген қаскөйді өзіміз іздейміз деп отыр. Ал тәртіп сақшылары үш күннен бері табанымыздан таусылып жатырмыз деуден басқа ақпарат бермеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1001628-shymkentte-5-balanynh-anasyn-qaghyp-oltir.html