RU

Facebook белсенділері бүлдіршіндер жақсы көретін Аяз атаның абыройын төкті (видео)

Жаңа жыл қарсаңында әлеуметтік желілерде Аяз атаны жоққа шығарып, мерекені тойламауға шақыратын жазбалар көп жазылуда.

Бұл туралы Serke.org-ке сілтеме жасап NUR.KZ хабарлайды.

Желтоқсан айының басында «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев Facebook желісінде «Аяз Ата мен Ақша қардың қазаққа қатысы жоқ!» деген тақырыппен жазба жариялады.

«...Жалпы қазаққа ойдан шығарылған, Сталин заманынан тықпаланған Аяз ата мен Ақша қардың қазаққа түк те қажеті жоқ. Тарихымызда болмаған! ...Көк тиынға қажеті жоқ мереке. Не Иисустың (25-желтоқсан) туған күні емес, не Мұсаның туған күні емес. Әйтеуір бухгалтерлік есеп-қисаптың уақыттық шекаралық белгісі. Мектептердің де осы қасиетсіз мерекеден аулақ болғаны жақсы. Өз басым да, отбасым да "Нөвый гөдтен" қашық жүргенді қалаймыз» деді ол.

Соңғы бір ай ішінде Марат Тоқашбаев Жаңа жылды терістейтін төрт жазба жариялаған. Оның айтуынша, Жаңа жыл мерекесін қазақтар «жай отбасылық датаға айналдырып, ары қарай біртіндеп өмірімізден аластауы қажет», ал оның орнын Наурыз мерекесі басуы тиіс.

«Біз отбасымызбен биыл төртінші жыл Жаңа жылды тойлауды тоқтаттық. Біздің Наурыз мерекемізге 85 күн қалды!» деді ол бір жазбасында.

Оның 28 желтоқсандағы жазбасын да қолданушылар қызу талқылады.

«Алла тағала сәтін салып бүгін таңға жуық "Новый годтан" қашып барамыз. Алда - Дубай. Отбасымызбен демалғанды ұнатамыз. Бухгалтерлік жыл шекарасы десек те алдымыздағы 366 күн баршаңызға тек сәттіліктер ғана әкелсін! Наурыз мерекесінің (83 күн қалды) қуанышын бірге бөлісейік!» деді ол.

Желіде бұл жазбаға қарсылық танытушылар да табылды.

«Діндарлар көбейген сайын көптеген жәйттарға түсінбей барамын. Мысалы, Аяз Ата - бұл бір ойын-сауық аңызы екенін білмейтін адам жоқ. Сенің ұстанымыңа, дініңе келтіретін қандай зияны бар? Аңызбен соғысып жатқандарға таң қаламын. Аяз Ата басқа діндегілердің Санта Клаусына еліктегеннің нәтижесі дегендер, христиан дініндегілер ойлап, жасап шығарған ұшаққа неге мінеді, телевизор неге көреді, кәпірлердің машиналарын неге жүргізеді?», - деп жазды Facebook белсендісі Айтқожа Фазыл.

Еске сала кетейік, жаңа жыл қарсаңында мерекені тойламауға үндейтін видеожазбалар да WhatsApp мессенджері арқылы жиі таралып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1001884-facebook-belsendileri-buldirshinder-zhaqsy-ko.html