RU

Мәмбеталин мен Нарымбаевтың соты кейінге қалды

Алматының Алмалы аудандық сотында бүгінге белгіленген Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың ісі бойынша сот отырысы болмай қалды. Сотталушыларды белгісіз себептермен сотқа әкелмеді.

Қарауылдардың хабарлауынша, "алауыздық тудырды" деп айыпталған белсенділер Мәмбеталин мен Нарымбаевты "белгілі бір себептермен" әкелмеген. Бұған қоса бүгінгі сотқа Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов та келмей қалды. Судья Марал Жарылғасова сот отырысын 5 қаңтарға қалдырды.

Бұл іс бойынша сот процесі 9 желтоқсанда басталған. Бірақ сот әзірге істі қарауға кіріскен жоқ. Сотталушылар мен олардың адвокаттары судьяға "істі әділ қарамайды" деп бірнеше рет қарсылық білдірген. Бірақ барлық қарсылық қабылданбаған. Белсенділер денсаулықтары нашарлап, қан қысымы жоғарылағанын айтып, соттан өздерін кепілге босатуды сұраған. Бірақ сот бұл өтінішті де қанағаттандырмады.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев биыл қазан айында тұтқындалған. Мәмбеталин мен Нарымбаев Facebook-те авторы "Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков" деген кітаптың үзіндісін жариялағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Белсенділер қазан айында үйлеріне тінту жүргізілгеннен кейін ұсталып, содан бері қамауда отыр. Мәмбеталин мен Нарымбаев өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1002118-mambetalin-men-narymbaevtynh-soty-key-2.html