RU

Әйел-әріптесінің жетістігін көре алмаған ақтөбелік полицейлер оны қызметінен қуып тынды

Ақтөбе қалалық Ішкі істер департаменті үш дүркін әлем чемпионы атанған қызметкерін  жарысқа барар алдында жұмыстан шығарып жіберді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Полиция майоры Райса Балиева үш айдан бері жұмыссыз жүр.  Орнынан аз қозғалатын ақтөбелік полицейлер чемпион қыз «ауыр жаттығулар жасатады» деп басшылыққа шағым түсірген.

Ақтөбедегі ІІД саласында 20 жылдан аса қызмет еткен полиция майоры Райса Балиева ер адамдардың көре алмаушылығынан жұмыстан шығарылғанын айтады.

«Жарысқа кетіп бара жатқан кезімде жұмыссыз қалғанымды естіп, еңсем түсті.  Психологиялық тұрғыдан дайындығыма кері әсер етті. Тіпті, жарысқа қатысқым келген жоқ. Қазақстандағы полиция беделін әлемдік деңгейде көтеріп жүрген жалғыз әйел адам -  мен. Генерал «сен баруың керек, жеңуің керек» деген соң ол кісіге сендім. Жарысқа қатысып, әлем чемпионы атандым. Келген соң генералға қайта бардым. «Жарайсың, уәдеңді орындадың» деп басшы арқамнан қақты. Мен «Сіз де орындайтын боларсыз» дегенімде басшы «қарайтын боламыз» дегеннен басқа ештеңе айта алған жоқ»,- дейді Ақтөбе облыстық ІІД-нің бұрыңғы  қызметкері.

Ол бірнеше жылдан бері әйелдер арасындағы самбодан әлем бойынша үздік атанып жүрген полиция қызметкері. Райса өзінің жарыстарға жиі шығатынын көре алмайтын бөлім басшылары үстінен шағым жазып отырғанын айтады.

20 жылдық тәжірибесі бар полиция қызметкері департаментте орнынан тұруды қиынсынатын мамандар бар екенін жасырған жоқ. Айтуынша, ақтөбелік полиция қызметкерлері 45 минуттық жаттығуға шыдай алмайды екен.

«Мен әйел адам болсам да, олар үшін ұяламын. Еркек басымен менің үстімнен арыз жазғандар болды. 45 минуттық жаттығуды ауырсынғандар бар. Орнынан қимылдамайтын полиция қызметкерлері менің талабымды орындауды ауырсынады. Кадрға барсаң да ер адамдар шағым айтып жатады. Мені «мутант» көретін әріптестерім бар »,-дейді кейіпкеріміз.

Жас мамандарды дене бітімін қалыпты ұстау үшін жаттықтыратын инспектор полиция құрамының әлсіз екенін айтады.

«Әскерден кейін полицияға келген мамандар 45 минуттық жаттығуға шыдамай жатады. Әскерден келген адам бәрін білу керек. Қалай болғанда да олар полиция қызметкері емес пе? Жаттығудың бәрін олармен бірге мен де жасап жүрем. Ер адамдардың әйелдің жаттығуына шыдамай арыз жазып жүргендері масқара!  Қарап жүріп қолдарын сындырып алатын мамандардың полиция қызметінде не үшін жүргенінде таңмын»,- дейді ол.

Райса Балиеваның жұмыссыз жүргеніне үш ай болады. Ол әріптестерінің жеңімпаздығын полиция беделін өсіруге  пайдаланып, өзін мазақ қылып отырғанына қынжылады. Ақтөбе облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі «әріптесіміз жеңіспен оралды» деп жергілікті БАҚ арқылы хабар таратып жатыр. Ал, сол әріптестері қызметіне сай емес болып,  жұмыстан қуылған.

«Кадр бөлім басшысы 25 қазанда мені шақыртып, «Астанадан қағаз келді, сіз өз қызметіңізге сай емессіз деген» деп айтты. Сол күні құрамамен жарысқа жиналып жатқанмын. Мең-зең болдым.  Мен ешқандай ескерту алып көрген емеспін.  Маған өз мамандығым ұнайды. Ішкі істер саласында 20 жыл қызмет еттім»,-дейді Райса.

Жұмыстан шығып қалған чемпион әлі күнге дейін министрден алғыс хат алып жатыр. Басшысы министр бұйрығын өзгерте алмайтындығын алға тартқан.

«Маған Илья Илиннің өзі «Райса бұл қалай? Министрдің атына хат жазармыз» деп қолдау білдіріп жатыр. Ал ақтөбелік әріптестерім қолдау білдірер емес»,-дейді Райса Балиева.

Райса Балиева үш дүркін әлем чемпионы, 10 рет Азия чемпионы атанған жалғыз полиция қызметкері.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1002203-ariptesininh-zhetistigin-kore-almaghan.html