RU

Аяз ата Алматыда үйі өртеніп кеткен 14 отбасыға пәтер сыйлады (фото)

Жаңа жыл мерекесіне орай Алматы қаласы Жетісу ауданыда 14 отбасыға су жаңа баспана берілді. 60-тан астам тұрғынның жапсарласа салынған үйлері ағымдағы жылдың 7 -тамыз күні дымы қалмай жанып кеткен болатын.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Алғашыншда тілсіз жаудың шығу себебіне адами фактор, яғни қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан деген қорытынды шығарылды. Тіпті, бір ер азамат отқа тірідей жанып кетіп, оқиға орнында қайтыс болған еді. Үстіндегі бір киетін киіммен ғана қалған 14 отбасы мүшелері осы күнге дейін халық әкелген киім-кешекті сүйретіп, пәтер жалдап тұрып жатты. Енді олар жаңа жылды жаңа пәтерде қарсы алады.

2 баласымен қаңғып қалғандардың бірі Мария Сатыбалдиеваның отбасысы. Су жаңа үйдің кілтін Аяз ата мен аудан әкімі Талғат Разақов тапсырғанда сыйлыққа сенбей, көз жасына ерік берді.

«Толқып тұрмын. Шын ба, өтірік пе? Үйім өртенгенде өміріміз де бітті деп ойлап едім. Әлі сенер алар емеспін. Құдай мұндай қиын жағдайды ешкімнің басына бермесін. Барлықтарыңызға рахмет! 2 айдың ішінде үй тұрғызып береді деп кім ойлаған?», - дейді ол.

Не сақтандырылмаған, не құжаты дұрыс емес баспана өртеніп кеткен жағдайда заң бойынша 200 мың теңге көлемінде ғана өтемақы беріледі. Алайда, жағдайы төмен отбасылардың жан айқайы Бауыржан Байбектің  құлағына жетіп, қараша айының соңында жергілікті бюджеттен 90 миллион теңге бөлген.

«Екі ай ішінде аумағы 1000 м2 болатын 14 баспана салу - шынымен рекорд. Басында үй салып береміз деген сөздеріне сенбегенмін.  Күнде келіп, құрлысы қалай болар екен деп қарап жүрдім. Өте сапалы салды. 2 жылдық сапа кепілдігі тағы бар. Барлығы кірпіш. Тіпті, ішке газ, ыстық, суық суға дейін кіргізді. Өмірімдегі ең үлкен жаңа жылдық сыйлық болды», - дейді Фархат Садықов.

Қоныс тойын тойлаған отбасыларға жергілікті әкімдік тарапынан қосымша сыйлықтарда табыс етілсе,  балалар үшін нағыз жаңа жыл жалғасын тапты.

Жалпы Жетісу ауданы бойынша әкімдіктің ұйымдастыруымен 1200 бүлдіршінге жаңа жылдық сыйлық тарту етілді. Оның ішінде көп балалы отбасыдан шыққан, туа бітті сал ауруына шалдыққан және көру мен есту қабілетінен айрылғандар да бар. Сондай-ақ соғыс адаргерлері мен аз қамтылған отбасылар үшін де азық-түлік салынған қаптар сыйға тартылды.

«Осыншама сыйлық жасап, ауданымыздағы азаматтарды Жаңа жыл алдында елеп-ескеру үшін бюджет қаржысынан бір тиында жұмсалмады. Барлық ақшаны, сыйлықты ауданда орналасқан кәсіпкерлердің көмегімен іске асырдық. Біз ол кісілерге мұқтаж жандардың тізімін беріп, қол ұшын беруді сұрадық. Бір ай бойы ұйымдастырған шаруалар жақсы нәтиже беріп жатыр. Бұл шара тек жаңа жылда ғана жасалмайды, үй алған азамат және де басқада көмеккке зәру жандар алдағы уақытта да басты назарымызда болады», - деді  Жетісу ауданының әкімі Талғат Разақов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1002257-ayaz-ata-almatyda-uyi-ortenip-ketken-14-o.html