RU

"Қарнын халық тойдыратын" әртістер дағдарыстың еш әсер етпейтінін айтты

Осы жылы бүкіләлемдік дағдарыс Қазақстанға да ауыр тиді. Доллардың бағамы күрт өсіп, той-томалақ, отырыстар азайды. Бұл жағдай өнер иелерінің шығармашылығына да ықпал етпей қоймады, деп жазады stan.kz.

Жас әнші Әли Оқапов дағдарысқа халықтың да, шоу-бизнес өкілдерінің де көңіл-күйі түсіп, жұмысы тоқтап, ыдырап кетуге болмайтынын сөз етеді.

"Көргенбіз, басымыздан өткен нәрсе. Екіншіден, жақын досым Әлішер Кәримов «Халық үшін қызмет етсең, халық сенің қарныңды тойдырады» деген әдемі сөз айтты. Менде осы жыл болсын, келесі жыл болсын бәрі жақсы болады деп ойлаймын, үміттенемін", - деді жас әртіс.

"МұзАРТ" тобының әншісі Мейрамбек Беспаев халықтың жағдайына алаңдап отырғанын жасырмайды. Бірақ, Мейрамбек той-жиынға көп бармайтын болғандықтан, өзіне дағдарыстың білінбейтінін айтады. Қазақтың тойдан еш бас тартпайтынын  білетін әнші халықтың қызығы таусылмауын тіледі.

Ал Сәкен Майғазиев қасиетті Құранда жазылып қойған, Алла Тағала берген ризықтан артық не кем ешкім жей алмайтынын айтады. Әншінің пікірінше, қиындықты долларға, дағдарысқа бұрудың қажеті жоқ.

"Бұрынғыға қарағанда бір жылдың екінші жартысынан бастап жұмысымыз саябырси бастады. Жалғыз біздің емес, өнерден бөлек, саудада да солай деп ойлаймын. Біздің жылауымызға, қол қусырып отыруымызға негіз жоқ. Шығармашылығымыз, өзіміздің студиямыз бар. Бейбітшіліктің арқасында аз-кем жетістіктерге жеттік. Соған шүкіршілік қыламыз", - дейді Майғазиев.

Топтың тағы бір солисі Кенжебек Жанәбілов өнер адамының саясатқа еш қатысы болмағандықтан, доллардың көтерілгені немесе түскені қатты әсер етпейтінін айтады.

"Біз қанша табыс тапсақ, соған шүкірлік етеміз. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсыншы. Басқа мемлекеттерге қарағанда, Аллаға шүкір біздің еліміздің киімі бүтін, тамағы тоқ  деп ойлаймын", - дейді Кенжебек.

"Әрине, осы жылы қаржымыз азайды, бірақ бұл маңызды емес. Ақша жоқ деп біз өнерді тастап кетпейміз ғой. Өнер адамы болып туылған соң, өнерді  соңына дейін дәріптеуіміз керек", - деп ойын түйіндеді әнші.

Айгүл Иманбаева мемлекетте болып жатқан нәрсе әртістерге де әсер ететінін меңзеді. Бірақ актриса мәселенің бәрін жіктеп отыруды жөн санамады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1002848-qarnyn-khalyq-toydyratyn-artister-dagh.html