RU

2015 жылы отандық жұлдыздар несімен ел назарын елең еткізді?

Биылғы жыл отандық жұлдыздар үшін қызықты сәттерге толы болды. Өнер иелері жаңа ән шығарып, байқаулардан топ жарып, ұлт мерейін үстем етсе, енді бірі ерсі қылықтарымен жұртты шулатты. NUR.KZ ел назарын елең еткізген әртістердің оқиғаларын назарларыңызға ұсынады.

Биыл танымал әнші Қарақат Әбілдина жұрт назарына жиі ілікті. Жұбайы Қыдырәлімен 1996 жылдың 1 желтоқсан күні алғаш танысқан Қарақат сол сәттегі суретін әлеуметтік желідегі жазылушыларына көрсетіп, жанкүйерлерінің жылы лебізін алды.

Сондай-ақ, Қыдырәлі Болмановтың бастамасымен Алматыда "Қарақат" мектеп-студиясы ашылып, халықтың ықыласына бөленді. Дарынды ұл-қыздарын ерткен жұрт Қарақаттың мектебіне түсуге ұмтылды.

Алайда, кетер жылы Әбілдинаның басы дауға қалған оқиғалар да орын алды. Әртіс жеке өмірі туралы өрбіген сөздердің ақ-қарасын айырып, нүктесін қойды. Өзін Тасмағамбетовпен байланыстырған ел аузындағы әңгімелерге қатысты жауабын берді. Әнші Иманғали Тасмағамбетовті өзіне телу арқылы Қыдырәлінің намысына тиіп, мұқатуды көздеген біреулердің барын жасырмады.

Бұған қоса, Қарақат "Бенефис шоуда" киген көйлектерінің сатылымға шыққанын Instagram желісінде хабарлап, жанкүйерлерінің ашуын келтірген.

Осы жылы әнші Мақпал Исабекова да жанкүйерлеріне жаңа қырынан танылды. Әртісті "Түнгі студия"бағдарламасынан көрген көрермендер ата-анасына пәтер сыйлаған Мақпалдың адамгершілігіне алғысын білдірді.

Алайда Instagram парақшасында фотоларымен жиі бөлісіп отыратын Мақпал өзінің "сәнді киімімен" түскен фотосын көпшілікке жария етемін деп сынның астында қалды. Суретті көргендердің дені бұл киімін ұнатпай қалған сыңайлы.

2015 жыл Мөлдір Әуелбекова үшін де жемісті жыл болғаны анық. Әнші осы жылдың төртінші желтоқсанында сырға салынып, Арыстан есімді жігітке ұзатылған болатын. Кейіннен Тараз қаласында жас жұбайлардың үйлену тойы дүркіреп өтті. Думанды кешке эстрада өкілдері де қатысты.

Десе де, осы жылы Мөлдірдің көңіліне кірбің ұялатқан жағдайлар да болғаны рас. Әуелбекованың сүйіктісіне қатысты ел арасында түрлі пікірлер айтылды. Әнші әлеуметтік желіде сүйіктісіне "шал" деп  тіл тигізгендерге бас салды.

Осы жылы аспан асты еліне емделуге барған Алтынай Жорабаеваға қытайлықтар туған күнінде "Қара жорғаны" билеп берді. Әншінің жұбайы Қытайға арнайы сапарлатып, асыл жарын құттықтап қайтты.

Биыл Алтынай да келеңсіз жайтқа тап болған жұлдыздардың бірі. Әжімін кетіру үшін бетіне тірі ұлуларды қойып, сол сәтті суретке түсіріп алған Жорабаеваның қорқынышты бейнесін көрген жанкүйерлер әншіге бірден лап қойды. Тыңдармандар өнер иесінің жиіркенішті суретті салмай-ақ қойғанын қалаған.

Осы жылы Ділназ Ахмадиева 35 жасқа толған күнін дүркіретіп өткізді. Әншінің туған күніне жиналған әріптестері оған деген құрметтерін ерекше жолмен жеткізді. Туған күн мерекесімен қатар, Ахмадиева «Көз алдымда» деп аталатын қазақ тіліндегі тұңғыш альбомының тұсаукесерін өткізді.

Сондай-ақ, Ділнәз Ахмадиева биыл күйеуімен ажырасып кетті. Ділнәздің айтуынша, жұбайы екеуінің арасында көптен бері түсініспеушілік орын алған.

2015 жылы сауықшыл жұрттың назары Атыраудан шыққан МС Сайлаубекке ауды. Түсініксіз тілде рэп орындайтын хит-тұлға жыл жаңалығына да айналып үлгерді. Әлеуметтік желіде белгісіз біреулер Сайлаубекті ұлт үшін отқа түскен Махамбет, Міржақып Дулатовтармен қатар қойған.

Дәл осы жылы МС Сайлаубек «Қайрат» командасының туын таптап, алматылық клубқа құрметсіздік көрсетті. Бұл оқиға Қазақстан біріншілігінің 31-туры аясында «Ақтөбе» мен «Қайрат» арасындағы матч кезінде болған. Рэпердің бұл әрекеті қоғамның наразылығын туғызды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1002958-2015-zhyly-otandyq-zhuldyzdar-nesimen-el-na.html