RU

Ресейлік дизайнерлер әйелдерге адамның ойына келмейтін орамал тарту тәсілдерін үйретуде

Ресейлік авторлық бұрышты орамалдар шығаратын Radical Chic компаниясы жаңа өнімдерін көпшіліктің назарына ұсынды. Сондай-ақ жібек орамалды тарту, байлау тәсілдерін де жан-жақты көрсеткен.

Бұл брендтің негізін қалаушы Александра Калошинаның айтуынша, көрсетілімнің ең басты мақсаты - көпшіліктің көңіл күй толқынын бақылау болған. Үлгі көрсетушілер адамның ойына келмейтін орамал тарту тәсілдерін көрсетіп, көпшілікті таң қалдырыпты.

«Біз не істесек те, көңіл күй ауанын басшылыққа аламыз. Мысалға көзімізді басып тұрған орамал - әлдебір ғажайыпты, бақытты күту. Ал үлгі көрсетушінің бетін түгел жапқан орамал - біздің тілегіміздің құпиясы мол екенін білдіреді», - деп түсініктеме берді А.Калошина.

Қазан айының аяғында британдық Burberry бренді өздерінің сатып алушыларына арнап шарқатты (шарфты) орауды үйрететін бейнесабақтардың топтамасын шығарған еді. YouTube сайтында жарияланған бейнероликтерде шарқаттарды өздері орап көрсетеді, оны басқа киімдермен үйлестіру тәсілдерін баяндайды. Егер қызығушыларға қосымша түсініктеме қажет болса, олар оны бейнебаянның астындағы жазбаша нұсқаулықтан оқып-біле алады.

Ал ресейлік Radical Chic компаниясы 2012 жылы құрылған екен. Содан бері жібек, мақта, кашемир, жүн сияқты материалдардан авторлық үлгідегі орамалдарды шығаруға маманданып келеді. Өздерінің жинағын Париждегі Premiere Vision көрмесінде ұсынып, PROfashion AWARDS сыйлығының лауреаты атанған. Компания биылғы табысы үшін киім үлгісі индустриясы саласында ұлттық сыйлықты иемденген.

Орамал бір кездері қазақ әйелдерінің де көркін кіргізген еді. Аналарымызды ақ жаулықсыз елестете алмайтын едік. Біздің елімізде де осындай дәстүрді жаңғыртушылар шығып жатса, «нұр үстіне нұр болар еді».

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1003307-reseylik-dizaynerler-ayelderge-adam.html