RU

Бүгіннен бастап Қазақстанда жаңа «Еңбек кодексі» күшіне енді

Бүгіннен бастап мемлекеттің жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қарым-қатынасына қатысуы мейлінше шектеледі. Қазақстанда жаңа «Еңбек кодексі» күшіне енді.

Жаңа заңның нормаларында жаһандық экономикалық тәуекелдердің қазақстандықтар үшін барынша жұмсақ болуын қамтамасыз ететін тетіктер бар деп хабарлайды Астана арнасы.

Қарашада парламенттен қолдау тауып, мемлекет басшысының қолы қойылған заң бірінші қаңтардан бастап күш алады. Енді еңбек қатынастарына мемлекеттің араласуы барынша қысқарып, жұмыс берушінің жауапкершілігі артады.

Жаңа Еңбек кодексіне сай үкімет жұмыс берушінің қызметкер қабылдауына немесе жұмыстан босатуына, қажеттілік бойынша кадрлық өзгерістер жасауына және еңбекақы тағайындауына еркіндік береді. Мемлекет бұлардың ашық, әділ жүруін ғана қадағалайды. Заң жобасын талқылау барысында, «Нұр Отан» партиясы демалыс және мереке күндері төленетін еңбекақының ортақ тарифін бекітуді ұсынды. Оған сәйкес үстемақы күндік табыстан бір жарым есе артық болуы тиіс.

"Түнгі кезде немесе айталық басты жұмыс кезеңінен қосымша жұмыс істеген кезде және демалыс, мейрам кездерінде төленетін үстемақы деңгейін көтеру", - дейді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов.

Ұсыныс қолдау тауып, заңға енгізілді. Сондай-ақ жаңа кодекс жұмыс берушіге штатты емес, жұмыс күнін қысқарту, қызметкерді уақытша басқа жұмыспен қамтамасыз ету секілді міндеттер жүктейді. Экономикалық қиындықтарға қатысты жұмысшыларды қысқартуға жол беріледі. Бірақ оның өз шарттары бар.

Еңбек кодексіне сәйкес, енді жұмысшы 63 жасқа толған күннен бастап бір ай ішінде онымен еңбек қарым-қатынасы тоқтатылуы мүмкін. Бірақ соңғы шешім тағы жұмыс берушінің еркінде. Жаңа кодекс азаматтардың адал еңбек ақысын төлемеу жағдайларын да заң шеңберінде біржола реттейді.

"Жұмысқа орналасқан кезде ешқашан да жұмыс берушінің уәдесіне, «сізге үлкен жалақы төлеймін, жұмыс істей тұрыңыз» дегенге көнбеу керек. Жұмысқа тек қана еңбек шартына қол қойылғаннан кейін кірісу керек. Егер де жұмысқа орналасқаннан кейін еңбек шарты жасалмаса, ешқашан да ондай азаматтың еңбек құқы бұзылғаны туралы ешқандай мемлекеттік орган я болмаса сот растап, қорғап қала алмайды", - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов.

Ал заңды белінен басып, еш келісімсіз еңбек күшін жалдаған жұмыс берушіге заң 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, заң шеңберінде жұмыс істеу әрбір азаматқа тиімді. Үкімет жұмыссыздыққа жол бермеу, жұмыс уақыты кеміп қалған кәсіби қызметкердің табысын субсидия есебінен толықтыруды мойнына алады.

"Мемлекеттік субсидиямен уақытша демеу тек өндіріс мамандарына қатысты. Ол алты ай мерзімге қарастырылған. Бірақ қажеттілік болса, қосымша алты айға ұзарту мүмкіндігі бар", - дейді Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Өзгерістер жұмыс берушіге қызметкердің еңбекақысын оның кәсіби біліктілігіне, жұмыс жағдайына қарап бекітуіне еркіндік береді. Ал мемлекет өз тарапынан денсаулық сақтау, білім беру және өзге де салалардың ақысын арттырады.

Еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа үлгісі: Денсаулық сақтау саласы - 7%- 28% Білім беру саласы - 15%- 29% Өзге салалар - 28%- 40%.

Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі дегенде, зейнетақы көлемін инфляция деңгейінен 2 пайызға артық айырмашылықпен ұстау жоспары да бар. Мысалы, тауарлар қымбаттаса, зейнетақы көлемі де бірден өседі. Бірақ бұл ұзақ жылдар бойғы кешенді жұмысты талап етеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1003401-buginnen-bastap-qazaqstanda-zhanha-enh.html