RU

Шымкенттік кәсіпкер жұмыс орнын тұтастай автокөліктің қосалқы бөлшектерінен құраған

Құрманғазы Бейсембаевтың жұмыс орны тұтастай автокөліктің қосалқы бөлшектерінен құралған. Кәсіпкер оған шамамен бір пәтердің ақшасын жұмсағанын айтады. Қазірдің өзінде ерекше жобаға құмартқан шетелдік азаматтар жаппай тапсырыс беріп жатыр деп хабарлайды STAN.KZ.

Жұмыс үстелі, жұмсақ жиһаз, орындық, жазу үстелі, жылытатын пеш пен құжаттар сақталған үстел, су ішетін қондырғы да, киім ілгіш, тіпті жарық-шамның өзі көлік бөлшектеріне жан бітірген. Ағайынды автомеханиктердің кабинетінде автокөлік бөлшектері осылайша кәдеге асқан.

Бұл бастама туған ағасы Жұмағазының ойымен іске асқан екен. Жиһаз саласына жаңалық әкелген ағайынды Бейсембаевтар бір кеңсені жабдықтауға үш жыл уақыттарын жұмсапты. Енді бөлме еденін көліктегі кілемшемен көмкермек.

Кіре берістегі баспалдаққа BMW автокөлігінің тұтастай 15 қаңқасы кеткен. Онда қымбат бағалы автошамдар орнатылған. Екінші қабаттағы қоймаға апарар бұл жолға 700 мың теңге қаржы жұмсалыпты. Автокөлік бөлшектерінің қоймасында жапондық көліктердің қосалқы бөлшектері сақтаулы. Қолдан құрастырылған баспалдақ жарты тоннаға дейін салмақты көтереді.

Кеңсенің төрінде заманауи техникамен жабдықталған BMW-ның ең мықты деген 5 кубтық М -5 түрінен жасалған жұмыс үстел тұр. Ол өте сирек кездесетін көк түспен сырланған, дейді кәсіпкер. Бағасы шамамен 400 мың теңгені құрайды екен.

Дәл осы маркілі көліктің моторы жазу үстеліне айналған. Оның құны 600 мыңнан асып жығылады. Бөлме Mersedes көлігінің артқы бөлігінен жасалған пешпен жылиды. Үсті құжаттар сақталатын орын.

Киім ілгіш те неміс көлігінің 200 ұсақ бөлшектерінен құралған. Ал қоқыс жәшігінің құны 360 мың теңгеден асады. Бұл тек шикізат бағасы ғана. Mersedes көлігінің моторынан құрастылылған жарықшамның құны 2 мың АҚШ долларын құрайды.

Жұмсақ жиһаз BMW-ның артқы орындығынан жасалған. Жан-жағына көлік шамдарымен безендірілген. Бұдан бөлек су ішетін қондырғы да.

«Бала кезден көлікке құмармыз. Бірте-бірте ойымызды осылайша ағамның бастамасымен жүзеге асырдық. Қазір Қазақстанның көптеген қалалары мен Украина, Дубай мен АҚШ-тан тапсырыстар келіп түсіп жатыр. Жаңа жылдан кейін қолға аламыз. Қызыққан қонақтар жиі келеді. Жай суретке түсу үшін де. Арасында ысырап дейтіндер де бар», - дейді Құрманғазы Бейсембаев.

Бұл бөлме қымбат бағалы шетелдік көлік салонының тура көшірмесі. Қабырғаға салынған суреттерде қаланың көрінісі бейнеленген. Сондай-ақ, онда өздері мен бірнеше жылдың ішінде мінген темір тұлпарларының суреттері сомдалған. Соның ішінде әсіресе алғашқы мінген «Москвич» маркалі көлігі ерекше ыстық, дейді кәсіпкер. Бала күнгі арманын өмірлік кәсіп еткен азаматтың ісін алдағы уақытта  балалары жалғастырарына сенеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1003688-shymkenttik-kasipker-zhumys-ornyn-tuta.html