RU

Елімізде жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады

2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады деп хабарлайды inform.kz.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың 5 мамырында өткен Қазақстан үкіметінің кеңейтілген отырысында президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда жергілікті полиция қызметін құру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі сәйкесінше заң жобасын әзірлеп, оның негізгі ережелері президент  әкімшілігі тарабынан мақұлданды.

Сәл кейінірек парламент «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті полиция қызметінің жұмысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Айта кетерлігі, құжаттағы негізгі жаңалықтардың бірі жергілікті полиция қызметінің басшыларын тағайындау, бұл ретте полиция басшыларына кандидатты Ішкі істер министрі облыс әкіміне ұсынып, оған мәслихат депутаттары келісімін береді. Бұдан бөлек, құжатта жергілікті полиция қызметі басшысының жергілікті қауымдастыққа есептілігі де қамтылған.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады

Бұл ретте жергілікті полиция қызметінің басшысы әкімдіктер мен мәслихат алдында және жылына бір рет халық алдында есеп беретін болады. Бұндай есептілік полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Тұтастай алғанда жергілікті полиция қызметінің жергілікті атқарушы органға есептілігі және Қоғамдық кеңестердің қызметі полиция қызметінің жұмысының ашықтығын қамтып, азаматтардың сенімділік деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның 2 өңірінде Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің жаңа басшылары тағайындалып та қойды. Мәселен, Алматы облысы Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басшысы болып полковник Марат Күштібаев тағайындалды.

Сонымен қатар Павлодар облысы мәлсихатының депутаттары Ішкі істер министрлігінің қолдауымен өңір әкімі кандидатурасын ұсынған полиция полковнигі Юрий Колесниковты жергілікті полиция қызметіне лайықты басшы деп таныды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1003759-elimizde-zhergilikti-policiya-qyzmeti.html