RU

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы аптада елімізде бірен-саран кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Мәселен, Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев ел үкіметінің қаулысымен инвестициялық омбудсмен болып тағайындалғаны белгілі болды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы ауысты. Бірқатар өңірде сот саласындағы кадрлық өзгерістер орын алды. Мұнан бөлек, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген жергілікті полиция қызметінің алғашқы тағайындаулары да жүргізілді.

Инвестициялық ом­будсмен

Сонымен премьер-министр Кәрім Мәсімов қол қойған Қазақстан үкіметінің  қаулысына сәйкес, Әсет Исе­ке­шев инвестициялық ом­будсмен болып тағайын­далды. Ол 1971 жылдың 17 тамызында туған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің заң факультетін, президент жанындағы Жоғары мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Қазақстан Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде, Қазақстан Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде жұмыс істеді. Индустрия және сауда вице-министрі, «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары, «Credit Swiss (Қазақстан)» компаниясының қаржылық жобалар маркетингі жөніндегі директоры, президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Индустрия және сауда министрі, премьер-министрдің орынбасары,

Индустрия және жаңа технологиялар министрі болған. 2014 жылдың 6 тамызынан бастап еліміздің Инвестициялар және даму министрі болып істейді.

«Нұр Отан» партиясының хатшысы

Зауытбек Тұрысбеков «Нұр Отан» партиясының хатшысы қызметіне тағайындалды. Зауытбек Тұрысбеков Қазақ химия-технологиялық институтын инженер-химик-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Жоғары партия мектебін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор.

Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі, Көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің төрағасы, Президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы, Ішкі істер министрі қызметтерін атқарған. Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болды.

Тағайындауға дейін Тұрысбеков Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін және Қазақстанның Молдовадағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарды.

Алматы облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы

Алматы облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы болып Қалдарбек Досымбет тағайындалды.

Қалдарбек Досымбет бұған дейін Алматы қаласының Әуезов және Алмалы аудандық соттарында судья, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық, Талдықорған қалалық, Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандық соттарының төрағасы қызметін атқарды.

Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы

Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасын Шахтинск қалалық сотының бұрынғы төрағасы Рашид Нұрмағамбетов басқаратын болды. Ол сот жүйесінде 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Абай аудандық сотының және Шахтинск қалалық сотының төрағасы болған.

Жоғарғы сотының судьясы

Ал облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының экс-төрағасы Ерден Әріпов Қазақстан Жоғарғы сотының судьясы болып тағайындалды. Сонымен бірге, Қарағанды облысында бірқатар сотта тағайындаулар орын алды. Абай аудандық сотының төрағасы болып - Естай Исабеков, Балқаш қалалық сотының төрағасы болып - Нұрлыбек Сыздықов, Қаражал қалалық сотының төрағасы болып Марат Қожабергенов тағайындалды.

Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы

Ерлан Жанәділов Ақмола облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды. Ерлан Болатұлы Ақмола облысының сот жүйесінде 20 жылдан астам уақыт мінсіз қызмет атқаруда.

Ақмола облысының судьялар корпусы оның белсенді өмірлік ұстанымын ескере отырып, 2014 жылы Қазақстан Судьялар одағы облыстық филиалының төрағасы етіп сайлады. Ерлан Болатұлы өзінің кәсіби міндетінен басқа, қоғамдық жұмыспен де белсенді айналысады.

Жергілікті полиция қызметінің жаңа басшылары

2016 жылдың 1 қаңтарынан елімізде жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның 2 өңірінде ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің жаңа басшылары тағайындалып та қойды.

Мәселен, Алматы облысы Ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметі басшысы болып полковник Марат Күштібаев тағайындалды. Ол 1967 жылы туған. 2002 жылы ІІМ академиясын тамамдаған. Оның ішкі істер органдарындағы еңбек өтілі - 27 жыл.

Ал Павлодар облысы мәлсихатының депутаттары Ішкі істер министрлігінің қолдауымен өңір әкімі кандидатурасын ұсынған полиция полковнигі Юрий Колесниковты жергілікті полиция қызметіне лайықты басшы деп таныды.

Колесников 1963 жылы дүниеге келген. КСРО Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін, Қазақстан ІІМ академиясының магистратурасын бітірген. 1981 жылдан бері Ішкі істер органдарында жұмыс істеп келеді. 2013 жылдан Павлодар облыстық Ішкі істер департаменті жедел жоспарлау басқармасының бастығы қызметін атқарады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1003809-qazaqstandaghy-zhanha-kadrlyq-taghayynd-22.html