RU

Шымкентте 5 балалы жалғызбасты анаға қайырымды жандар үй салып берді (фото)

Жақында шымкенттік қайырымды азаматтар бес балалы жалғызбасты әйел Жанар Қайырбековаға жұмыла көтеріп, үй салып бергені туралы ақпарат тараған болатын. Бұл көпшілікті таң қалдырмай қоймады.

Бұған дейін пәтерден-пәтерге көшіп, өмірдің тауқыметін сезініп жүрген әйел мен оның балалары үшін мұндай игі іс аса қажет-ақ еді. Жаңадан тұрғызылған үй қаланың шет жағында, яғни, Жұлдыз елдімекенінде орналасқан. Алайда көпбалалы ана «бастысы баспанамыз бар» деп қуанып отыр. Осы ретте NUR.KZ тілшісі үйлі болған отбасыға арнайы барып, жағдайларымен танысып қайтқан болатын.

«Жұлдыз» елдімекеніндегі «Новостройка» деп аталатын жерде тұрғызылған үйге жету үшін бірақ адасуға тура келді. Әзірге көше атауы жоқ. Жол мәселесі де келіп-кетушілер үшін қиындық туғызады.

Өз сөзін үйге қалай қол жеткізгенінен бастаған ананың көзінен қуаныштың нұрын анық байқауға болады.

«Құрбым менің қиналып жүрген жағдайымды көріп, туыстарының қайырымдылық іспен айналысып жүргенін айтты. Олардан маған көмек беруін сұраған екен. Содан қаладағы бірқатар қайырымды азаматтар бірлесе үй салып берді. Аллаға сансыз шүкіршілік етемін. Мұқтаждарға қол ұшын беріп жүрген жандарға алғысым шексіз. Бір айтарым, әрқашан да бір-бірімізге мейірімді болайықшы», - дейді көпбалалы ана.

34 жастағы Жанар Қайырбекова 19 жасында тұрмысқа шыққан. Бірақ, тағдырдың жазуы болған шығар, он жыл бірге тұрған отандасымен дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетеді. Бүгінде «Кәусар» интернатында тәрбиеші болып жұмыс істейді.

Перзенттерінің үлкені Әмина 13-те. Одан кейінгісі Жәмила 12 жаста. Ұлы Ахмет 11-де, Сундус 7 жаста. Төртеуі де №99 мектепте білім алады. Кенжесі Ибраhим 6-да. Әзірге мектепке бармайды.

Баспанаға қол жеткізген отбасыға барғанымызда Жанардың үлкен және ортаншы қызы сабақта болды. Кіші қызы Сундус үйде жүргенде анасына қолғабыс жасап, үй шаруасына көмегін беріп тұрады.

Үйдің кенжесі Ибраhим бұйыртса келер жылы мектеп табалдырығын аттайды. Анасы әзірден оны оқуға баулып келеді.

Жаңа тұрғызылған үй үш бөлмелі. Мұнда жарық болғанымен, әзірге көгілдір отын мен ауыз су мәселесі шешімін таппаған. Қайырымды азаматтар көмір түсіріп беріпті. Жалғызбасты ана пеш жағып, үйді жылытып отыр.

Ал туыстары үлкен-үлкен бөшкелермен су толтырып жеткізіп беруде. «Үйіміз орналасқан жер Шымкент аумағына енді қосылған. Су, газ мәселесі алдағы уақытта шешіледі деген үміттемін. Әйтеуір жоқтан бар. Амалдап жатырмыз»,- дейді көпбалалы ана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004092-shymkentte-5-balaly-zhalghyzbasty-anagha-q.html