RU

Ақтөбелік журналистер облыстық телеарна басшысының былықтары туралы айтты

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры Раукен Отыншин туралы NUR.KZ порталында жарияланған материалдан кейін телекомпанияда үлкен өзгерістер болып жатыр.

Студиялар жаңартылу үстінде. Басшы жаңа теледидарлар мен түрлі қондырғылар сатып алуда.  «Аяқ астынан байыдық» деп қызметкерлері мәз.

«Арнаның 55 жылдық мерейтойында алмаған сыйақыны жаңа жылда алып жатырмыз. 30, 50 пайыздық сыйақылар төленді» деп қуанған тілшілер қорқыныштан сезімдерін де сыртпен бөлісе алмай әлек.

Осы тұста ақтөбелік журналистер облыстық телеарнаға тәртіп орнату керек деп Сапарбаевтың ескертуіне қолдау білдірді.

"Раукен Отыншин облыстық телеарнаны өмір бойы басқарса да қарсы емеспін. Бірақ сол жердегі әріптестерге жаным ашиды. Қарауындағы қызметкерлерді «мудак», «көк күпейкімен келген байғұс» , «бейшара», т.с.с. жаман сөздермен тілдегенін 2007 жылы бір ай қызметтес болғанда көргенмін. Сосын мұндай басшымен әрі қарай жұмыс істей алмайтынымды түсініп, РИКА телеарнасына ауыстым. Жеке пікірім: мұндай адам мұндай жерде отырмауы тиіс", -  дейді журналист Жаңагүл Жүрсін.

Телеарнада бұрын басшылық қызметінде болған журналистер де жақсы пікірде емес.

«Мен облыстық телеарнадан бір жыл бұрын жұмыстан кеттім. Арна басшысы жеке өзіме қысым көрсеткен жоқ. Бірақ, зәбірді директордың бұрынғы орынбасары, бас редактор, шеф редактордан көрдім. Ол жерде сауатты, жанын беріп жұмыс жасайтын шығармашылық адамдардың еңбек етуі қиындау. Әйтпесе, талай талантты қыз-жігіт ол жерден кетпес еді. Куәміз. Тым құрығанда адам үшін сәлем түзу болу керек. Бірақ, ол жерде әділдік іздеген адам бірден "репрессияға" ұшырайтын. Талай қорқытып-үркітіп, қысым көрсетіп «менің бір ауыз сөзім сені ұшырып жібереді» дейтін шолақ басшыларды да көрдік. Мен ол жердегі бөлім басшыларын да ауыстыру керек деп ойлаймын»,- дейді «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында бұрын бас редактор қызметін атқарған журналист Қонысбек Терекұлы.

Ал телеарна директоры Раукен Отыншиннің өз кезегінде ақталуға да шамасы болмай отыр. Көмекшілері оның пікір беруден бас тартатынын айтуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004216-aqtobelik-zhurnalister-oblystyq-tele.html