RU

Сауд Арабиясы Иранмен қатынасын үзетінін мәлімдеді

Сауд Арабиясы Иранмен дипломатиялық қатынасын үзетінін мәлімдеді. Бұл туралы шешімді Сауд Арабиясы сыртқы істер министрі Адел әл-Жубейр жариялады.

Оның сөзінше, елдегі Иран дипломаттарының барлығы 48 сағаттың ішінде Сауд Арабиясы аумағынан шығып кетуі тиіс.

Қаңтардың 2-і күні Сауд Арабиясында шииттер азшылығының өкілі, шейх Нимр әл-Нимрге өлім жазасы орындалғаны жарияланған соң, Тегеранда ашулы топ Сауд Арабиясы елшілігін шабуылдаған еді. Наразылар елшілікке тас лақтырып, ғимаратқа от қоюға әрекет жасаған.

Нимр әл-Нимрдің қазасы Эр-Рияд пен Тегеран арасындағы онсыз да күрделі жағдайды одан ары ушықтырып жіберді. Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи шейх әл-Нимрді өлтіргендерге «Алланың жазасы болады» деп мәлімдеген.

Таяу Шығыстағы бақталас мемлекеттер – сүннит патша әулеті басқаратын Сауд Арабиясы мен билік басында шииттер отырған Иран аймақтағы Йемен, Бахрейн, Ирак және Сирия сияқты елдерге өз ықпалдарын жүргізгісі келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004267-saud-arabiyasy-iranmen-qatynasyn-uzet.html