RU

Ерекше қабілеті бар талдықорғандық бүлдіршін көпшілікті таң қалдырды

Үш жастан асқан Талдықорған тұрғыны темірден жасалған ондаған тұрмыстық затты денесінде жабыстырып ұстап тұра алады.

Әрине бойында магниттік өрісі бар адамдар жайында айтылып та, жазылып та жүр. Тек кішкентай Қызғалдақтың ата-анасы перзентінің бойында бір ай бұрын пайда болған бұл тылсым күш бара-бара ұлғайып кете ме деп алаңдаулы. Қызғалдақтың бойындағы ерекшелікті алғашқы болып аңғарған әпкесі Зеңгір екен. Бірақ мән берген жоқпын деп отыр ол.

"Ол өзі ойнап жүретін. Киімін күнде шешіп тастайды да, темір заттарды, тиынды, тырнақ алғышты өзіне жабыстырып ойнап жүретін. Содан көрдім. Соны суретке түсірдім де Facebook-ке салып жібердім", - дейді  әпкесі Зеңгір Рахатқызы.

Іле-шала Қызғалдаққа деген қызығушылық артып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ол туралы материалдар жариялайды. Анасы Гүлнұр Оразбайқызының айтуынша, бұл таңқаларлық нәрсе емес сияқты. Бойындағы магнит қуаты арта ма, әлде әлсірей ме, оны уақыт көрсетеді.

"Көңіл-күйі басқа балаға ұқсамайды. Салмақты, орнықты, артық сөзі жоқ. Бала-бақшаға барса да, үндемей 10-15 минут отырып, содан кейін барып ойынға кіріседі. Енді әдетте сөйлеп кетсе сөзге тапқыр, шешен", - дейді анасы.

Қызғалдақ қазір үш жарым жаста. Бала-бақшаға барады. Ән салады, тақпақ айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004272-erekshe-qabileti-bar-taldyqorghandyq-b.html