RU

Шетелдіктердің мазағына айналған Шымбұлақтағы әжетхана депутаттың намысына тиді (фото)

Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков Шымбұлақтағы әжетханалардың қорқынышты жағдайына алаңдаулы. Ол бұл мәселені өз Facebook парақшасында көтеріп, көпшілік назарына салған.

"Талғар асуында бір топ шетелдіктердің әжетханаларды көргендегі таңданысы мен мазағына куә болдым. Олар әжетхананы көріп, ұзақ ойланды. Ақыры кіруге ешқайсысының батылы бармады. Осы орайда, Шымбұлақ тау-шаңғы шипажайына лайықты әжетхана салуға болмады ма деген сауал туындайды. Мұндай жағдаймен біз шетелдік саяхатшыларға ешқашан қызықты болмаймыз. Әсет Өрентайұлы (Әсет Исекешев, Инвестициялар және даму министрі - ред. ескертпесі), осыған назар аударсаңыз!", - дейді депутат.

Исекешев Жазылбековтың жазбасына пікір қалдырып, аздаған қиындықтар барын алға тартты.

"Шымбұлаққа келетін болсақ, техникалық қиындықтар бар. Дегенмен биоәжетханалар қоюға болатын сияқты. Тау-шаңғы шипажайларында стандарттар қандай екен?", - деп жазған министр.

Осыдан кейін жазбаға өзгелер де өз ұсыныстарын жаудыруға кіріскен.

"Шымбұлақ пен Медеуде ғана емес, барлық республикалық, облыстық тас жолдарында да әжетханалардан бастаған жөн", "Барлық қалалардың әуежайлары, әсіресе Астана мен Алматы және Атырауда адамшошырлық әжетханалар" деген пікір қалдырушылар министрдің бұл мәселеге де назар аударуын қалаған.

Ал өзге пікір қалдырушы Шымбұлақта жөнді әжетхана салу мүмкін еместігін алға тартты.

Дегенмен бұл пікірге көбі қосыла қоймады.

"Аспалы жол салып, азық-түлікті үш есе қымбатқа сату мүмкін де, ал техникалық тұрғыдан әжетхана салу мүмкін емес болғаны ма? Бізде пайда әкелмейтіннің бәрі мүмкін емес", - деп жазған Анна Велещук.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004558-shymbulaqtaghy-qorqynyshty-azhetkhana-de.html