RU

Германияда Гитлердің кітабы алғаш рет саудаға шығарылды

Жаңа жылдан бастап Германия аумағындағы кітап дүкендерінде Адольф Гитлердің «Майн кампф» («Менің күресім») атты кітабы саудаға шығарылды деп хабарлайды Азаттық.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері нацистер көсемінің кітабы Германияда алғаш рет заңды түрде сауда орындарына түсіп отыр. Гитлер кітабын басып шығару құқығы бұған дейін тек Бавария үкіметіне тиесілі болып келген, бірақ былтыр 31 желтоқсанда оның мерзімі аяқталған.

Екі томнан тұратын «Майн кампф» кітабының жаңа басылымы тарихшылардың комментарийлерімен шыққанын еврей қауымдастығы құптап, кітаптағы түсіндірмелер екінші дүниежүзілік соғысы кезінде миллиондаған еврейдің қырғынға ұшырауын – Холокост қасіретін айқын түсінуге көмектесетіні туралы мәлімдеген деп хабарлайды ВВС.

«Майн кампфты» қайта басып шығарған Мюнхендегі қазіргі заман тарихы институты да кітаптың түсіндірмелермен толықтырылған нұсқасы нацистік пропаганданы әшкерелеуге жәрдемдеседі деп санайды.

Алматының Бостандық аудандық соты 2014 жылы 16 қыркүйекте шығарған шешімге сай, Адольф Гитлердің «Майн кампф» кітабы Қазақстанда экстремистік әдебиет деп танылған. Сондай-ақ, Ресей билігі де өз аумағында бұл кітапқа тыйым салған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004681-germaniyada-adolf-gitlerdinh-kitaby-s.html