RU

АҚШ 40 жыл ішінде алғаш рет «қара алтынды» экспортқа жөнелтті

АҚШ 40 жыл ішінде алғаш рет мұнай тиелген танкерді экспортқа жөнелтті. Бұл туралы РБК сайты Bloomberg-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Танкер Корпус-Кристи портынан, NuStar Energy компаниясына тиесілі доктан шықты, деп мәлім етті компания өкілі Мэри Роуз Браун.

Оның айтуынша,мұнай мен газ конденсаты тиелген танкер италиялық порттардың біріне жол тартқан. Жүкті алушы – швейцариялық Vitol Group компаниясы.

Bloomberg атап өткендей, таяу күндері Хьюстон портынан шикі ммұнай тиелген тағы бір танкер жөнелтіледі. «Қара алтынды» бұл жолы да Vitol алатын көрінеді. 40 жылдық эмбаргодан кейін алғаш рет экспортқа шығарылған мұнай туралы бір апта бұрын мәлім болды.

Хабарланып отырғандай, 24 желтоқсан күні техастық Enterprise Products компаниясы 600 мың баррель «қара алтынды» Швейцариядағы мұнай өңдеуші зауыттардың біріне экспортқа жөнелтетіні туралы келісімшарт бекіткені жарияланған еді. Бұл елден дизель және отынның басқа да түрлері Солтүстік Еуропаға жеткізіледі. Vitol компаниясының бірқатар елдегі мұнай өңдеу кәсіпорындарында үлесі бар.

Америкалық мұнайды экспорттауға салынған тыйым 19 желтоқсанда алынып тасталған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004698-aqsh-40-zhyl-ishinde-alghash-ret-qara-altynd.html