RU

"Ұлтаралық араздықты қоздырды" деп айыпталғандар сотқа кіруден бас тартты

Бүгін Алматының Алмалы аудандық сотында "араздық қоздырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер - Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың соты олардың қатысуынсыз басталды.

Өйткені, айыпталушылар сот залына кіруден бас тартты. Олар бұл әрекеттерін "сотқа процесті бақылағысы және оған қатысқысы келетін жақтастырымызды кіргізбеді" деп түсіндірді.

Мәмбеталиннің адвокаты Ермұрат Мұқанов "залда сотқа қатысқысы келетін адамдарға орын жетеді" деп, азаматтық белсенділерді қолдаған. Мұқановтың пікірінше, "судья Марал Жарылғасова сот ашықтығы ережесін бұзып отыр".

Мәмбеталиннің адвокаты судьяға қарсылық білдіруге тырысты. Алайда судья сотқа қарсылықтың қабылданбайтынын, адвокаттардың қарсылық білдіру мүмкіндіктері таусылғанын айтты. Мұнан соң Ермұрат Мұқанов бәрібір судьяға қарсылық білдірді, судья оған ескерту жасады. Судья Мұқанов жасаған заң бұзушылықты ресми түрде тіркейтінін мәлімдеп, үзіліс жариялады.

Мәмбеталин мен Нарымбаев былтырғы қазан айынан бері қамауда отыр. Сот бұрын олардың "бұлтартпау шарасын өзгертіп, қамаудан босату туралы" арыздарын қабылдамай тастаған еді. Мәмбеталин мен Нарымбаевты Қазақстан мұсылмандары одағының басшысы Мұрат Телібековтікі деген даулы кітаптың үзіндісін жариялағаны үшін жауапкершілікке тартып жатыр. Белсенділерге ұлттық араздық қоздыратын белгілері бар мәліметтерді таратып, ұлттық намысты қорлағаны үшін қылмыстық айып тағылған. Мәмбеталин мен Нарымбаев бұл айыптарды мойындамайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1004880-mambetalin-men-narymbaev-sotqa-kirud.html