RU

Сауд Арабиясы Иранмен әуе қатынасын тоқтатты

Сауд Арабиясы Иранмен әуе және сауда қатынастарын тоқтатып, Тегераннан дипломатиялық байланысты қалпына келтіру үшін "қалыпты (ұстамды - ред.) елге айналуды" талап етті деп хабарлайды Азаттық.

Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Адель әл-Жубер Reuters-ке берген интервьюінде "сенбі күні Сауд Арабиясы террорист санайтын шииттердің діни тұлғасы Нимр әл-Нимрдің өлім жазасын іске асырғаннан кейін басталған шиеленіске Тегеран жауапты" деп мәлімдеді.

Министрдің сөзіне қарағанда, Эр-Рияд (Сауд Арабиясының астанасы - ред.) "Иран агрессиясына" жауап береді. Ол Тегеранды Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы елдерге содырлар жіберді, терактілер ұйымдастырды" деп айыптады.

Сонымен қатара, министр "Сауд Арабиясының қақтығысты ушықтыруға ынтасы жоқ" екенін айтты. "Біз Иран саясатына жауап ретінде ғана әрекет етіп жатырмыз" деді ол. Жубер "Ирандықтар Ливанға кірді. Олар Сирияға Құдс жасағы және Ислам революциясы сақшыларын жіберіп отыр" деді. Алайда министр "Иран азаматтарына қажылық кезінде Мекке мен Мәдинаға келуге тыйым салынбайтынын" мәлімдеді.

Жубер - Сауд Арабиясының АҚШ-тағы бұрынғы елшісі. АҚШ федеративтік тергеу бюросы 2011 жылы оны Иран ұйымдастырған қастандықтан аман алып қалған еді.

Сауд Арабиясы Тегерандағы елшілігі мен консулдығына шабуыл жасалғаннан кейін Иранмен дипломатиялық байланысын үзді. Эр-Рияд шиит діни тұлғасы Нимр әл-Нимрді өткен сенбі күні өлім жазасына кескен еді. Ирандағы наразылықтар осыған байланысты басталған. 3 қаңтар күні Сауд Арабиясы аумағындағы Иран дипломаттарына елді тастап шығуға 48 сағат берген еді.

Сауд Арабиясының елшілігіне жасалған шабуылдан кейін, 9 қаңтар күні Эр-Рияд Тегерандағы дипломаттарын елге шақырып алған еді.

АҚШ Таяу Шығыс елдері басшыларын жағдайды ушықтырмауға шақырды. Сауд Арабиясы Иранмен байланысын үзгеннен кейін Парсы шығанағы елдерінен Иранға қарсы коалиция құра бастады. Бұдан бұрын Иранмен дипломатиялық байланысын Судан мен Бахрейн үзген болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы шиеленісті шешу мәселесін телефон арқылы Иран сыртқы істер министрі Жавад Зарифпен және Сауд Арабиясы басшыларымен талқылады. Бұл туралы АҚШ үкіметінің баспасөз хатшысы Джон Кирби хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005006-saud-arabiyasy-iranmen-aue-qatynasyn-t.html