RU

Қазақстандық жігіт Ресей сахнасын бағындыруда

"Скриптонит" лақап атымен танылған Павлодардан шыққан қарапайым қазақ жігіті Әділ Жәлелов бір жылдың ішінде Ресей сахнасын өнерімен бағындыра білді.

Музыкалық дарынына тәнті болған ресейлік шоу-бизнес өкілдері Скриптонитті Батырхан Шүкеновтен кейінгі Ресей сахнасын бағындырған қазақстандық өнерпаз деп баға беруде, деп жазады Gonzo.kz.

1990 жыдың тумасы Әділ Жәлелов он бір жасынан бастап рэп оқуды әдетке айналдырған. 2013 жылы тұңғыш видеосы ғаламторды жаулаған қазақстандық рэперге 2014 жылы ТМД және Ресей елдері арасында ең беделді "Газгольдер" компаниясы бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс жасаған.

Скриптониттің Ресей жұлдызы Даша Чарушамен бірге жазған соңғы туындысын ғаламторда миллиондаған тыңдармандар жақсы қабылдады.

Қазақстандық рэпердің ән жинағы ресейлік чартте Джастин Бибер, Селена Гомез, Нюша, Серебро, тіпті ағылшын әншісі Адельдің алдын орап, алға шыққан.

"Қазақстандық жас жігіттің туындылары бірнеше тәуліктің ішінде Youtube желісінде 4-5 миллион көрсетілім жинайды, бұл көрсеткіш Қайрат Нұртастың бейнебаяндарынан 5 есе асып түседі", - деп жазады басылым.

Айта кетерлігі, аз ғана уақыттың ішінде ерекше ән мақамымен таңғалдырған Әділ Жәлеловті қазақстандық көрермен жұлдыз ретінде аса танымайды. Шетелдік өнер майталмандары оны ресейлік өнерпаз деп қабылдап жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005249-oneri-qayrat-nurtastan-asyp-tusken-qa.html