RU

Даниал Ахметов теңгенің екі есе құнсыздануын "қатардағы жағдай" деп атады

Жаһандық дағдарыс бәрімізге әсер еткенімен, жақын арада доллар бағамына қатысты дүрлігу басылатын болады. Себебі мұндай "қатардағы жағдайды" көптеген елдер экономикасын жаңарту кезінде басынан өткерді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов YK-news.kz-ке мәлімдеді деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Өңір әкімі болғанына бір жылдан асқан Ахметов жергілікті басылымға эксклюзивті сұхбат беріп, аймақты алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын баяндады. Сонымен қатар елдегі дағдарысқа қатысты өз пікірін жеткізді.

"Мұндай "қатардағы жағдайды" көптеген елдер экономикасын жаңарту кезінде басынан өткерді. Қысқартуларға келетін болсақ, біз бұл мәселені бақылап отырмыз, әзірге жаппай қысқарту болып жатқан жоқ, оны болдырмауға тырысамыз", - деді әкім сұхбатта дағдарыс туралы ағынан жарылып.

— Сізге Мәскеуден кейін Өскемен іш пыстырарлық елдімекен болып көрінбеді ме?

— Мәскеу, әрине керемет қала. Бірақ Өскеменнің де мүмкіндіктері зор және оны дамыту маған тапсырылды. Осы орайда мен Мәскеуден бірталай тәжірибені өзіммен ала келдім деуге болады.

— Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің жолы екі бөлек дейтіндер бар. Осы орайда барлық тұрғыдан көрші державаны қолдай бермеу керек деген де пікірлер айтылып жатыр...

— Қарапайым логикамен ойланайық: біздің Ресеймен шекарамыз ұлан-ғайыр, ең ірі тауар айналымы байланыстырып тұр. Тізе берсең соңына жетпейсің. Бүгінде мемлекет оқшауланса, өзін құрдымға итермелейді. Біз Ресейге керекпіз, Ресей бізді қажет етеді. Мәдениет, экономика, саясат тұрғысынан болса да. Бұл біздің көршіміз. Олармен жақсы қарым-қатынаста болу маңдайымызға жазылған. Ал саясатқа келетін болсақ, Ресейдің расымен жолы бөлек. Бұл орайда айтарым жоқ.

— Сізге президент Шығыс Қазақстанның әкімшілігін басқаруды ұсынғанда күмәндандыңыз ба?

— Мемлекет басшысының тапсырмаларына күмәнмен қарауға бола ма? Әрине, жоқ. Мен, тіпті ойланбастан келістім. Президент ұсынса, мен бірден орындауға кірісемін. Мен үшін ең бастысы - президенттің сенімін ақтау. Менің басты міндетім - өңірді дамыту. Осы орайда өңірге дағдарысқа қарсы басқару қажет.

— Даниал Кенжетайұлы, сіз қала орталығын абаттандыру арқылы көптің көзіне түстіңіз. Өскеменнің Мәскеуге немесе Дубайға ұқсағанын қаладыңыз. Дегенмен көбі қала бұған лайық па деп алаңдауда...

— Өскеменнің Париж бен Мәскеуден қай жері кем? Біз бірдеңеге лайық емеспіз деп ойлаудың өзі қате. Әрине өзгерістердің не қажеті бар дегендері де болды. Дегенмен кейін олар да мұны құптады. Қала есте қаларлық болуы тиіс. Әрине абаттандыруға қаржы кетті, дегенмен тұрғындар үшін оңтайлы ету назардан тыс қалмауы керек.

— Қала шетіндегі тас жолдарының сапасын тексеру үшін өз көлігіңізбен жолға шығып жүргеніңіз рас па? Өңір жолдарының жағдайын қалай бағалайсыз?

— Жолдардың сапасы сын көтеретініне көз жеткізу үшін өзің жеке тексерген дұрыс. Егер джип кей шұңқырларды еңсере алмаса, қарапайым көліктер қайтпек? Өңірде жолдар қорқынышты жағдайда, көп жұмыс атқару керек әлі.

— Өзіңіз жайлы не айтасыз?

— Өмірді жақсартып, жұмыс істегенді ұнатамын. Велосипедпен 30-50 шақырым жүріп өткенді жөн санаймын. Кейбірі әкім велосипедті сүйгендіктен велосипедке арнайы жолдар салды деп те әзілдеп үлгерген. Жолдар барша халық үшін салынды.

— Сізді көшеде жиі танып жата ма?

— Иә, ондай болып тұрады. Жақындап, танысып жатады. Көбі үшін мен әкіммін - мәселелерді шешіп беретін адаммын. Мен бәрін тыңдауға тырысамын. Тұрғындардың дені коммуналдық мәселелерге шағымданады. Оларды шешу үшін барымызды салудамыз.

— Өскеменнің қай жеріне барғанды ұнатасыз?

— Мен шулы жерлерді онша ұнатпаймын. Сенбі күні де жұмыс істеуге тура келгендіктен, тек бір күн тыныға аламын. Маған Астанадан немерелерім келіп тұрады, отбасым Астанада тұрады. Мен оларды сол жақ жағалаудағы саябаққа алып барамын. Әсіресе, жануарлар бағы қатты ұнайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005305-danial-akhmetov-tenhgeninh-eki-ese-qunsy.html