RU

Павлодар облысының екі тұрғыны Жаңа жылды тойлау үшін жылқы ұрлаған

Ақтоғай ауданы ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Жаңа жыл қарсаңында ауыл тұрғындарына жарты миллион теңге тұратын ұрланған екі жылқыны қайтарып берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Ақтоғай аудандық ІІБ-нің учаскелік инспекторы Мейрам Нұркин мен оның көмекшісі, полиция лейтенанты Исабек Кенжебаев Мүткенов ауылы тұрғындарынан екі жылқының ұрланғаны туралы хабарлама алысымен іздеуге шыққан.

Тәртіп сақшылары қардың бетіндегі іздермен ауылдан 30 шақырым қашықтықтағы Харьковка ауылына келген. Аулалардың ішін тексеру барысында полицейлер ауыл тұрғындарының бірінің қорасынан ұрланған малды анықтап, бұл қылмысқа күдікті тұлғаларды құрықтаған.

Ешбір жерде жұмыс істемейтін, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған 25-22 жастағы ауыл тұрғындарының қарақшылыққа барғаны анықталды. Бұлтартпас айғақтардың нәтижесінде күдіктілер жылқыны соғымға сойып, саудалау мақсатында ұрлағанын мойындады.

Ал, тапқан табысқа жаңа жылдық мерекені тойламақ болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005314-pavlodar-oblysynynh-eki-turghyny-zhanha-zh.html