RU

Қалың қардың құрсауында қалып қойған депутаттар Божкоға ашулы

Биылғы қыс Қазақстанның орталығы мен солтүстігін әбден әлекке салды. Бір ғана Қарағанды облысының аумағында 600-ге жуық жеңіл көлік пен 1000-нан аса адам қар құрсауында қалған деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Алайда табиғаттың жылдағы тосын тірлігіне төтенше қызмет өкілдері тағы да дайын болмай шықты. Солтүстік аймақ қарға кептеліп жатса, Қазақстанның Оңтүстік облыстары жаңа жылды қарсыз қарсы алды.

Қарағанды облысы биылғы қыстың қаһарына көп ұшыраған еліміздегі бірден-бір аймақ. Облысқа кіретін және шығатын барлық бағыттағы жол жабық бүгінде. Күртік қар Қарағандының Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарына жүретін тас жолдарын жауып қалған. Бүгінгі күнге дейін 550 көлік пен 1100-ден аса адам қауіпсіз жерге жеткізіліпті.

Қарағандының Ақсу-Аюлы кенті аумағында аса күрделі жағдай орын алған, 125 көлік қар кептелісінде қалыпты. Күртік қардың құрсауында халық қалаулылары да қалып қойған. Жұрттың жанайқайын естімеген елдегі Төтенше жағдайға жауапты Владимир Божко мырзаға ашулы Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев сәлем жолдады.

Жалпы республика бойынша Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай мен Қызылорда облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Ақтөбеден шығатын 4 күре жол, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының барлық бағыттары және Қызылорда, Қостанай облыстарына барар көлік жолдары жабылған. Қазіргі уақытта жұртты қар құрсауынан құтқарып, жолдарды тазалау үшін 550-ге жуық техника мен құтқарушылар жұмыс жасап жатыр.

"2015 жылғы 23-30 желтоқсан аралығында ауа райының нашарлауы салдарынан Қарағанды облысындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың 80-нен астам учаскесінде бір уақытта жағдай күрт қиындай түсті. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыстың аудандарындағы жекелеген ауылдық округтердің аумағында жергілікті көлемдегі төтенше жағдай жарияланды", - деп хабарлады ТЖК.

Биылғы қыстың мінезі қырық құбылды. Еліміздің солтүстік аймақтарын қар басып жатқанда, оңтүстіктегі тұрғындар жаңа жылды қарсыз қарсы алды. Мәселен, Шымкентте жауын жауып, көшелер суға толған. Ол аз десеңіз, қаңтардың басында ағаштар бүр жарып, көктей бастаған. Ал, Алматы облысында 1 қаңтар күні ауа температурасы 13 градусқа дейін көтерілді. Бірнеше күн бойы ашық ауа райы тіркелген Алатаудың баурайында тек бүгін қар аралас жауын жауып тұр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005357-qalynh-qardynh-qursauynda-qalyp-qoyghan.html