RU

Мұстафа Шоқай туралы 9 дерек

Мұстафа Шоқай – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Түркістан автономиясын құрушы. Өмір бойы қазақ ұлтының тәуелсіздігін бейбіт жолмен алуды мақсат тұтып өткен азамат. Мұстафа Шоқай туралы 9 деректі munara.kz сайты назарларыңызға ұсынады.

Отбасы

Мұстафа 1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Кей зерттеушілердің пікірінше, оның ата-бабасы қыпшақ руының белді әулетінің адамдары болған. Атасы Торғай датқа Сырдария облысындағы бірнеше ауылды басқарған, ал әкесі ауыл-аймаққа белгілі әділ би болған.

Білімі

Мұстафа Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған. Осы кезде ол өзіндік дүниетанымы мен саяси көзқарасын қалыптастырып, ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерінде еркін сөйлеген.

1917 жылғы оқиғалар

1917 жылдың көктемінде Мұстафа Ташкенттегі мұсылмандар конгресі кезінде құрылған Мұсылмандар орталығының басшысы болып тағайындалады. Осы жылдан бастап «Бірлік туы» және «Еркін Түркістан» басылымдарын шығара бастаған. Ал тамыз айында ол Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі атанды.

1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін комитет мүшелері қуғынға ұшырап, жасырынуға мәжбүр болды. Мұстафаның басы үшін арнайы сыйлық та тағайындалды.

Түркістан автономиясы

1917 жылдың 27 қарашасында Қоқанда өткен Бүкіл мұсылмандардың IV съезінде Түркістан автономиясын құру туралы ұсыныс айтылды. Оны алдымен Мұхамеджан Тынышпаев басқарады да, артынан оның тізгіні Мұстафа Шоқайға тиді. Автономия 1918 жылдың ақпанында құлады. Шоқай Ташкентке, одан әрі Ақтөбеге қашуға мәжбүр болды.

Уақытша үкімет

1918 жылы Шоқай Бүкілресейлік уақытша үкіметтің (Уфа директориясы) мүшесі болды.

Шоқай мен Колчак

1918 жылдың қыркүйегінде Уақытша үкіметтің басшылығына адмирал Александр Колчак келді. Оның бұйрығымен директорияның барлық мүшесі тұтқынға алынды. Шоқайды Челябіге жіберді, дегенмен ол ретін тауып қашып шықты.

Мәжбүрлі эмиграция

Мұстафа Шоқай өмірінің соңғы жылдарын шет мемлекеттерде өткізді. Түркия арқылы Германияға, сосын Францияға қоныс аударады.

Шетелдегі ағартушылық қызметі

Эмиграцияда жүріп «Таймс», «Шафак», Journal of Royal Central Asian Society  сынды белді ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста болды. «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» атты басылымдарды шығарып тұрды. Большевиктердің жұмысы туралы түрік, ағылшын және француз тілдерінде лекциялар оқыды.

Парижде ол Түркістан ұлттық бірлестігіне жетекшілік етті.

Гитлердің ұсынысы

1941 жылдың 22 маусымында Берлиндегі орыс эмигранттары жаппай тұтқындалды. Олардың арасында Шоқай да бар еді. Гитлер үкіметі оған Түркістан легионын басқару туралы ұсыныс жасады.

Бұл легионның мақсаты – Германия протектораты болып табылатын Үлкен Түркістан мемлекетін құру болатын. Мұстафа бұл ұсыныстан бас тартты. Ол 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлин қаласында жұмбақ жағдайда қайтыс болды.

Мұстафа бәрінен бас тартып, бұл іске мүлде қатысы болмаса да, Сталин Түркістан легионын құрған Шоқай деген көзқараста болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005645-mustafa-shoqay-turaly-9-derek.html