RU

Атырау облысында боранда далада қалып қойған малшыны қойлардың жылуы құтқарды

Атырау облысы Индер ауданы Көктоғай ауылдық округіне қарасты «Сартебін» қыстағының малшысы кешкі сағат 6 шамасында қыстақтан шығып боранда жоғалып кетті деп хабарлайды Ақ жайық.

"Бізге "Сартебі" қыстағының малшысы 55 шақырым қашықтықта орналасқан Көктоғай ауылына шаруасымен шығып кеткеннен кейін қайта оралмағаны жөнінде суыт хабар келіп түсті. Сол күні үздіксіз қар жауып, көзге түрткісіз боран соғып тұрды. Біз аудандық ТЖ мамандарымен бірге техника мен ауыл адамдарын жұмылдырып, іздеуге шықтық. Малшы қаңтардың 3-і күні 11 сағаттан кейін табылды. Оның «Нива» автокөлігі қалың қарға малтығып қалған. Көлікте жанармай таусылуға жақын болатын, көмек дәл уақытында келді", - дейді Көктоғай ауылдық округінің әкімі Мәмбетқали Құсайынов.

Сол күні Елтай ауылдық округіне қарасты «Байбоз» қыстағының малшысы малды далаға жаюға шыққан. Ол кезде ауа райы жайлы болатын. Бірақ кейін боран соға бастаған соң, іздеу басталды. Малшы келесі күні таңда, өзін жылытқан қойлардың ортасынан аман-есен табылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005812-atyrau-oblysynda-zhoghalyp-ketken-malsh.html