RU

Голливуд продюсерлері Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсірмек

Голливудтық продюсерлер Кери Гранат және Эд Джонс қазақстандық Moviq кинокомпаниясымен бірге Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсіреді, деп хабарлайды Қазақпарат.

Картинада белгілі әнші әрі актер Әміре Қашаубаевтың шығармашылығының шыңына шыққан кезеңі баяндалады. Фильмге әншінің орындауындағы сегіз ән алынды.

Әміре Қашаубаевтың Еуропаны қазақ халқының ән өнерімен таныстырған Кеңес одағының тұңғыш әншісі екені белгілі. 1925 жылы Парижде өткен EXPO-1925 көрмесінде ол қазақтың "Ағаш аяқ", "Қанапия", "Жалғыз арша", "Үш дос" атты ұлттық әндерін орындап, күміс жүлде алған еді.

Moviq кинокомпаниясының өкілі Андрей Распутиннің айтуынша, фильмнің түсірілім жұмыстары сәуір айында басталады. Түсірілім жұмыстарының көбі Еуропа қалаларында, кейбірі Алматыда өтеді.

Картина қазақстандық, сонымен қатар, шетелдік прокатқа да шығады. Фильмді түсіруге "Қазақфильм" киностудиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдау білдірді.

Cast.kz орталығы 1 желтоқсаннан бастап басты рөлде ойнайтын актерге кастинг жариялады. Айта кетейік, "Әміре Қашаубаев" картинасы ағылшын тілінде шығады, сондықтан да басты рөлде ойнайтын актерге ағылшын тілін білу талабы қойылып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1005844-gollivud-prodyuserleri-amire-qashauba.html