RU

Ұлттық валюта банкноттарын қабылдаудан бас тартқан ұйымдар жазаланады

Ұлттық валюта банкноттары мен монеталарын қабылдаудан бас тартқан ұйымдар жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақпарат хабарлайды.

Кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар Қазақстан ұлттық валютасының банкноттары мен монеталарын қабылдаудан бас тартқан жағдайда Ұлттық Банктің жақын жердегі филиалына арыздануға болады.

Ұлттық Банк өз кезегінде жағдайдың мән-жайын анықтап, шара қолданады.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 206-шы бабына сәйкес, 2016 жылғы белгіленген Айлық Есептік Көрсеткіш бойынша ұлттық валютаның банкноттары мен монеталарын қабылдамаған кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға - 10 605 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 21 210 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 53 025 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Еске сала кетелік, 2015 жылдың 28-ші қарашасында ҚР Ұлттық банкінің басқармасы 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000, 10000 теңге банкноттардың біртіндеп айналыстан шығару мерзімдерін 2016 жылдың 3-ші қазанына дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған болатын. Көрсетілген мерзімге дейін бұл банкноттар заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен банктік операциялар үшін Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында қандай да бір шектеусіз қолданылады.

Содан соң 12 ай ішінде - 2016 жылғы 4 қазаннан 2017 жылғы 3 қазанға (қоса алғанда) дейін - көрсетілген ақша белгілері кез келген екінші деңгейдегі банкте айырбасталуға тиіс.

Бұл мерзімнен кейін барлық қалған 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңге банкноттар 2020 жылғы 3 қазанға шейін барлық Ұлттық Банк филиалдарында айырбасталуға қабылданатын болады. 2020 жылғы 4 қазаннан бастап, банкноттар заңды емес болып табылады.

Жоғарыда көрсетілген банкноттардың айырбасталуы тегін, комиссия алусыз не айырбастау үшін ақысыз жүзеге асырылатын болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1006280-ulttyq-valyuta-banknottaryn-qabyldau.html