RU

Ақтөбеде ызғарлы үйдің темір кереуетіне таңылған мүгедек жеткіншек халықтан көмек сұрады (фото)

Ақтөбеде І топ мүгедегі темір кереуетте тоңып жатыр. Жалдамалы пәтері бау-бақша аумағындағы отбасыға жедел жәрдем көлігі де бара алмайды деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Қоблан Қанатбайдың кереуетке таңылғанына екі жыл болды. Кірпішті ауданындағы көпір жанындағы биік жар басынан суға серікген ол мойын омыртқасынан зақым алып, мүгедек болып қаған.

«Шілдеде су жағасына достарыммен демалуға барғанмын. Суда жүзе алатынмын, биіктен де секіріп жүрдім. Сол күні тағдырым мені төсекке таңды. Биік жардың басынан секіргеннен кейін судан қайтып шыға алған жоқпын. Қолдарым тырысып жатыр, денем ештеңені сезбейді. Не болғанын түсінген жоқпын. Қасымдағы достарым әзілдеп жатыр деп ойлаған. Мені сол жерден өтіп бара жатқан ер адам құтқарып, жедел жәрдем шақырды. Сол жатқаннан тұрған жоқпын», - дейді Қоблан.

Қоблан өкінішпен өткен екі жылын өксікпен еске алады. Студент болды. Асыр салып, достармен көңіл көтерді. Алайда оның бәрі бүгінде артта қалды. Күні де, түні де темір керуетте. Оның үстінде жылуы жоқ жайма. Ызғарлы үй сыз тартып тұр. Қоблан бірнеше көрпе жамылып, бойын жылыта алмай жатыр. Жата-жата жамбасы да жара болып кеткен.

«Үй жағы қиын болып тұр. Қалада дәрігерлердің қасында тұрғым келеді. Бірақ ол жақ қымбат. Мына үйде мен тек төсекте жатам. Арбамен жүретін орын жоқ. Есіктің алдына да шығу қиын. Арзандау үй болған соң сыртқа шығатын жердің алдында трубалар жатыр. Аяқасты ауырғанда үйге дәрігерлер әрең келеді. Ал, көктем мезгілінде оларды шақыра алмайсың. Себебі, айнала балшық болып кетеді. Емханадан тегін дәрі алып көрген жоқпын. Өзіміз сатып аламыз. Жәрдемақыма дәрі алып, келесі айға әрең жетіп отырмын», - дейді Қоблан Қанатбай.

Мүгедек баланың отбасы қазір бау-бақша аумағындағы жалдамалы пәтерлердің бірін паналап отыр. Оған 20 мың теңге төлейді. Үйде бес бала бар. Әкесінің тұрақты жұмысы жоқ. Әр жерде жалданып жүріп, пәтер ақысын шығарады. Айналдырған бір бөлмеде жеті адам буларымен жылынып отыр. Жылу беріліп тұр деген аты болмаса, үй ызғар.

«Ырғыз ауданынан қалаға келгенімізге 5 жыл болды. Балам 2013 жылдың 6 шілдесінде осындай жағдайға ұшырап қалды. Бір айдай ауруханаға жатты. Балам сол жатқаннан тұра алған жоқ. Баламның жамбасы жараға толып тұр. Жағдайым келіспей, оны да жаза алмай отырмыз. Жатқан жері де жұмсақ емес», - дейді анасы Эльмира Тапалова.

Сыз тартқан ызғарлы үйде темір керуетте күнін өткізіп жатқан мүгедек бала көптен көмек сұрайды.

Қоблан Қанатбайдың байланыс телефоны: 8702 366 22 95.

Шот нөмірі: ТАПАЛОВА ЭЛМИРА БАХТИХАМИТОВНА KZ916010002007056922 Халық Банкі

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1006498-aqtobede-yzgharly-uydinh-temir-kerueti.html