RU

Мексиканың бас көріпкелі 2016 жылға арналған болжамдарымен бөлісті

Мексиканың бас көріпкелі Антонио Васкес Альба 2016 жылға арналған болжамдарымен бөлісті деп хабарлайды 24.kz.

АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп саяси додада жеңіліс табады. Күллі Мексика жұрты бас көріпкел атап кеткен әйгілі сәуегей елді елең еткізерлік осындай болжам жасап отыр. Тіпті Антонио Васкес Альба арнайы баспасөз маслихатын өткізіп, алдағы 12 айға жорамалын жайып салды. Мексиканың бас көріпкелі сонау 1980 жылдан бері Таро карталарымен бал ашып, жыл жаңарған сайын жорамалын жасаудан жаңылған жоқ.

Антонио Васкес Альба биыл АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптың саяси додада жеңіліс табатынын айтып берді.

"Меніңше, Трамп мырза Республикашылдар партиясынан сайлауға түспейді. Оның жолы бөгеулі. Алайда мықтылығына қарамастан өзіне өзі қиянат жасап жүр. Тоқетерін айтқанда, Доналд Трамп өз кандидатурасын тәуелсіз үміткер ретіне ұсынатын болады. Сайлауалды науқанын қаржыландыруға оның шамасы жетеді. Бұл туралы Трамп мырза өзі де айтқан", - дейді Мексиканың бас көріпкелі Антонио Васкес Альба.

Сонымен қатар балгер биыл да бүкіл әлемге қауіп төндірген лаңкестік шабуылдардың тыйылмайтыны туралы айтып отыр.

«Ирак пен Леванттың лаңкестік тобына» қарсы күрес әлі де жалғасады. Содырлардың АҚШ-та, Германияда, тіпті Ресейде де шабуыл ұйымдастыруы ғажап емес", - дейді Антонио Васкес Альба.

Мексиканың бас көріпкелі Венесуэла президенті Николас Мадуро тақтан таяды деп топшылап отыр. Васкес сондай-ақ Куба басшысына қатысты да болжам жасады.

"Фидель Кастромен салыстырғанда оның інісі Раульдің денсаулығы әлсіз. Сол себепті де жұрт биыл ағасынан гөрі інісіне көп алаңдайтын шығар", - дейді көріпкел.

Жалпы 30 жылдан астам уақыт әлем жұртшылығын таңқалдырып келген Васкестің жорамалдарының барлығы бірдей орындалмайды, алайда оның сәуегейлігін жария ету жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін өзіндік бір дәстүрге айналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1006538-meksikanynh-bas-koripkeli-2016-zhylgha-arna.html