RU

Қостанайда дәрігерлердің сауатсыздығынан 10 жасар бала қайтыс болды

Қостанайда қос бірдей ана облыстық туберкулезге қарсы диспансердің дәрігерлерін сотқа берді. Зәуреш Дүйсенбина осы емдеу мекемесіндегі ақ халаттылардың біліксіздігінің кесірінен жалғыз ұлымнан айырылдым десе, Надежда Торошилова 16 жасар қызымды мүгедек қылды деп отыр.

Енді дәрігерлер сот алдында жауап беруде деп хабарлайды КТК арнасы.

Көзі тірі болғанда кішкентай Арсен тоғызға толар еді. Осыдан бес жыл бұрын оған туберкулез деген диагноз қойылыпты. Оны емдеу барысында бала гепатитке шалдыққан. Күшті дәрілер Арсеннің бауырын зақымдап, ақыры бала ауруханада көз жұмған.

"Мен баламның мәйітін үйге алып келдім. Өлгеніне сенгем жоқ. Жерлегеннен кейін он шақты күн өткен соң ғана ұлымның жарық дүниеде жоқ екені санама жетті", - дейді Арсеннің анасы Зәуреш Дүйсенбина.

Надежда Торошилованың да облыстық туберкулезге қарсы диспансер дәрігерлеріне деген өкпесі қара қазандай. Оның 16 жасар қызына ақ халаттылар алғашқыда «туберкулездің жеңіл түріне шалдыққан» деген диагноз қойыпты. Алайда ұзақ емдеуден түк нәтиже болмағанын көрген анасы бар ақшасын жинап, қызын Мәскеуге алып кеткен. Көрші елдің дәрігерлері оның сол жақ өкпесін кесіп тастапты. Қазір Людмила 2 топтағы мүгедек.

Бірақ екі жағдайда да дәрігерлер өздерін сүттен ақ, судан тазамыз дейді. Сотта олар 4 жасар Арсеннің ағзасы күшті дәрілерді көтере алмады деп ақталды. Алайда жағдайды бүге-шігесіне дейін тексерген прокурор олардың бұл сөздерін теріске шығарды.

"Дер кезінде және толыққанды медициналық қызмет көрсетілгенде облыстық туберкулезге қарсы диспанесерде Сағындықованың ұлын аман алып қалуға болар еді деген тоқтам жасадық", - деді прокурор Берік Сұлтанғазинов.

Ақ халаттыларды сот алдына әкелген әзірге Арсеннің анасы ғана. «Қызымды мүгедек қылды» деп отырған Надежда Торошилова қазір сотқа құжат жинап жатыр. Екі әйел де жан азабының құнын дәрігерлерден өндіріп алмақ ойда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1006634-qostanayda-darigerlerdinh-sauatsyzdy.html