RU

Алматыда белгілі актер Меңтай Өтепбергеновты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін Алматы жұртшылығы танымал киноактер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергеновты ақтық сапарға шығарып салды.

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өткен қаралы жиынға Меңтай Өтепбергеновтің туған-туыстары, өнердегі бірге істескен әріптестері, үзеңгілес достары, кино және театр актерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, өнер қайраткерлері және қала тұрғындары келіп, марқұмның отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты.

Қаралы жиынды жүргізген ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, актер Болат Әбділманов алдымен қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтың жіберген жедел хатын оқыды.

«Меңтай Өтепбергенов өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған біртуар жан еді. Ол өзінің қажырлы еңбегімен, талантымен кино өнерінің шырқау биігіне көтерілді, жарық жұлдызына айналды. Ұлттық кино өнеріне өлшеусіз үлес қосып, ел руханиятын еселеу жолында тынбай еңбек етті. Оның өмірі мен өнері барша жамағатқа, тұтастай ұрпаққа үлгі», - делінген жеделхатта.

Бұдан кейін сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қала әкімі Бауыржан Байбектің атынан марқұмның отбасына көңіл айтты.

Сонымен қатар, белгілі кино режиссер Еркін Рақышев Меңтай Өтепбергеновтің фильмдерде көбінесе жағымсыз кейіпкерлерді сомдағанымен өмірде жаны жайсаң, көңілі кең адам болғандығын есіне алды.

"Меңтай аға қазақтың кино өнеріндегі шоқтығы биік жұлдыздардың бірі болды. Кинода көбінесе жағымсыз кейіпкерлерді сомдады. Өте шынайы сомдайтыны соншалық, шынымен сеніп қалатын. «Апырай, неткен түсі суық, неткен қатыгез адам!» - деп ойлайсың. Ал өмірде ол кісі жаны жайсаң, бір керемет адам болатын", - деді Рақышев.

Бұған қоса, Рақышев актердің өзінің деңгейіне лайық атақ-дәреже ала алмай кеткенін айтып өтті.

«Бір жақсы рөлдерді сомдасам» деген армандары бар еді. Амал қанша, асыл ағамыздан айрылып отырмыз. Жаны жәннатта болсын. Оның жасамаған жасын, артындағы ұрпақтары жасасын», - деді Рақышев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1006892-almatyda-belgili-akter-menhtay-otepbe.html