RU

Қазақстандық сиқыршы Гиннестің рекордтар кітабына енді

Қазақстандық сиқыршы Руслан Иванченков  бес сағат бойы үздіксіз сиқыр көрсетіп Гиннестің рекордтар кітабына енді деп хабарлайды 24.kz.

Руслан сиқыр әлемінің сырын ұғып, тылсыммен тілдескеніне бес жыл. Лақап аты - Манкарди. Фокусты ғаламтор арқылы үйреніп, өздігімен шеберлігін шыңдаған. Еңбегі еш кетпеді. Жуырда Италияда бірнеше сағат бойы үздіксіз сиқыр көрсеткені үшін Гиннестің рекордтар кітабына енді.

«2015 жылы қазақстандық бір топ сиқыршы Италиядағы сиқыршылардың чемпионатын тамашалауға бардық. Бір орында тапжылмай, рекорд орнатуға іріктеу болып жатыр екен. Мен тәуекел етіп, бел будым. 5 сағат бойына үзіліссіз өнер көрсеттім. Осылайша ойда жоқта Гиннестің рекордтар кітабына кірдім», - дейді сиқыршы Руслан Иванченков.

Қазақстанда сыры мол сиқыр саласы дамудың бір соқпағына түспеген. Бірақ Руслан өзімізде де әлемге әйгілі Гарри Гудинилердің шығатынына сенімді. Мәселен, бірнеше жыл бұрын құрылған фокусшылар клубының әзірге 36 мүшесі бар. Русланның айтуынша, әр сиқыршы фокустың сырын ешқашан ашпауға өз-өзіне серт береді. Бұл - күн сайын талмай еңбектенуді талап ететін сала.

Русланның негізгі жұмысы ғарышпен байланысты. Ол - инженер. Дегенмен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қос саланы қатар тізгіндеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007131-qazaqstandyq-siqyrshy-ginnestinh-reko.html