RU

«Айықтырғыш»: Алматылықтар Жаңа жылда қалай тойлатты?

Төрт күн бойы тойлатуды барлығы көтере алмайды. Әсіресе мерекені тоқтаусыз ішімдікпен өткізетіндер кейін айықтырғыштан бір-ақ шығып жатады.

Алматыдағы Жедел жәрдем емханасының токсикология бөлімі мереке күндері екі есе жұмыс атқарады. Мұнда тәулік ішінде 50-ден астам тұрғындар келіп түседі.

NUR.KZ тілшілері токсикология бөліміне барып, «айықтырғыштағы» жағдайды біліп қайтты. Кешкі сағат алтыда көмекке зәрулердің легі ерекше ағылатынын біліп, сол уақытқа қарай барғанда, ол жерде «қойылым» басталып үлгерген.

Бөлімге "емделушілердің" бірталайы жедел жәрдеммен жеткізіліп жатса, енді біразын туысқандары өздері әкеліп салуда. Қаңтардың алғашқы күндері 1-нен 10-на дейін келішулер легі толастамайды дейді ақ халаттылар.

Қабылдау бөлімінде жиі келішулердің бірі - 50 жастағы ер кісі мас күйде шу шығаруға кіріскен. Оның әйелі күйеуі үшін кешірім сұрап, ара-арасында жолдасына "шапалақ жегізуде". Қатты шектен шығатындарды дәрігерлер "Мақатаев көшесіндегі емханаға" жібереді. Онда күзетшілердің көмегімен ішкіліктен мәжбүрлі түрде емдейді.

Наркодиспансерде ішкілікке тәуелділер нағыз ем алса, токсикология бөлімі тек интоксикациядан құтылуға көмек береді. Мереке күні алкогольдік интоксикациямен түсушілер жедел жәрдем көмегіне жүгінгендердің 80%-ын құрайды.

Бөлімнің іші тап-таза. «Есін жиып үлгергендер» теледидар қарап жатыр, ал өзгелері мерекенің жалғасуын талап етіп, "ішімдік сұрауға" кіріскен.

Дәрігерлер ішкілікке салынғандар екі тәуліктен кейін өз әдетіне қайта басатындарын айтуда.

Ер кісілердің дені мұндай жағдайға түсуін әйелдерінен көруде. «Сүйіктіммен айырылысып, күйзеліске түстім, ішіп алдым» деушілер, ішімдікке күнде жүгінбейтіндерін айтып, ақталуда.

Ерлер ашық сөйлесуге қарсы болмаса, әйелдер мүлдем тұйықталып қалған. Біреуі ғана 9 ай бұрын күйеуі қаза болғаннан кейін алкогольге тәуелді болып қалғанын жасырмады.

Палатада ішімдіктен о дүниеге аттана жаздағандар естерін жинауда. Олардың кейбірі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Мына кісі ішімдіктен пневмония, токсикалық гепатит, мидың ісінуі сырқаттарына шалдыққан. Айығып кетеді деп үміттенеміз дейді токсикология бөлімін меңгеруші Гүлмира Тойбаева. Дәрігердің айтуынша, тіпті клиникалық өлім аузында болып, бір айда әзер есін жиғандар да араға екі ай салып, бұрынғы әдетіне басады.

Ақ халаттылар өмірі ішіп көрмегендерге ішімдік қауіпті болатынын ескертеді. Мәселен, жаңажылдық кеште алғаш рет алкогольден сәл дәм татқан бойжеткен есінен танып қалған. Есін жинағаннан кейін ол күйеуінің алдында қатты ұялған.

Осы кезекшілікте токсикология бөліміне дәріден уланған екі бойжеткен келіп түсті. Олардың бірі екі рет шектен тыс дәрі ішіп, уланып өлмек болған. Дәрігерлер мереке күні жанжалдар өрши түсетінін алға тартты.

44 жастағы Лида сырқатының ауыруын басатын дәрілерді шектен тыс ішіп токсикология бөліміне түскен. Ол амалсыздан дәріге жиі жүгінетінін айтуда.

Ал мына жігіт - Өзбекстан тумасы. Сүйіктісімен айырылсқаннан кейін көп ішіп қойып, жүрегі тоқтаған азаматты достары құтқарып, дәрігерлерге жеткізген.

Дәрігер Гүлмира Мұратқызы ішпес бұрын белсендірілген көмір ішуге, және шектен тыс ішіп қоймауға кеңес береді.

Сағат кешкі тоғызда ақ халаттыларға жүгінгендер саны 40-тан асты, ал алда әлі түнгі уақыт бар.

Материалды әзірлеу кезінде көмек көрсеткен Алматының Жедел жәрдем емханасына алғыс білдіреміз. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007138-ayyqtyrghysh-almatylyqtar-zhanha-zhyld.html