RU

Coca-Cola Қырым түбегін Ресей территориясы деп көрсеткені үшін Украинадан кешірім сұрады

АҚШ-тың Coca-Cola компаниясы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған картада Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегі Ресей территориясы деп көрсеткені үшін Украинадан ресми түрде кешірім сұрады деп хабарлайды Азаттық.

АҚШ-тағы Украина елшісі Алексей Чалыйдың атына жазылған ресми хатты Coca-Cola компаниясы өкілі Кейт Ирвин 6 қаңтарда Украина дипломатиялық өкілдігіндегі кездесуде табыс еткен.

Хатта компаниядан тыс агенттік әзірлеген карта дизайны туралы шағымдар түсісімен, даулы карта әлеуметтік желіден дереу алынып тасталғаны айтылған.

5 қаңтарда осы картаға байланысты Coca-Cola компаниясының Украинадағы өкілдігі де кешірім сұраған еді. Оған дейін әлеуметтік желілерде украиналық қолданушылар Coca-Cola компаниясы өнімдеріне бойкот жариялауға шақырған.

Былтыр 30 желтоқсанда «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі Coca-Cola компаниясының ресми парағында жарияланған Ресей картасында Қырым, Калининград облысы мен Курил аралдары көрсетілмегеніне ресейлік қолданушылар жаппай наразылықтарын білдірген. Қаңтардың 5-іне қараған түні Coca-Cola компаниясы Қырым түбегі Ресей аумағы ретінде көрсетілген жаңа карта дизайнын жариялап, ресейліктерден кешірім сұраған. Бұдан кейін компанияға украиналық қолданушылар наразылықтарын айтқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007222-coca-cola-ukrainadan-keshirim-surady.html