RU

ОҚО-да жындыханаға тоғытылған бойжеткенге қатысты тағы бір дерек пайда болды

Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістандағы жүйке аурулар ауруханасына өмір бойына жабылған 18 жасар бойжеткен Маржан Тұрлыбаеваға қатысты тағы бір дерек пайда болды деп жазады аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Жүйкесінде ауытқуы бар деп науқас ретінде танылған қыз бұған дейін Шымкенттегі балаларға арналған психиатрияда жатқан. Психиатр дәрігер Шахида Нұрованың айтуынша, Маржан Тұрлыбаева бұл мекемеде 3 жыл 2 ай жатқан. Осы жылдар ішінде науқас қоғамға айтарлықтай қауіп төндірген.

«Маржан Тұрлыбаева біздің мекемеге 2012 жылы келіп түсті. Әрекетінен қатыгездікті анық байқауға болады. Тәуліктің кез келген уақытында ауытқушылығы қозып, өзге балаларды соққыға жығып, тұншықтыратын. Мекемеден жиі қашып кетіп, ол аралықта алкогольді ішімдік ішіп алатын. Қызметкерлерге телефон шалып, ақшалай сыйлық талап ететін», - дейді Шахида Нұрова.

Бұдан өзге бойжеткен Шымкенттегі психиатрияда жатқанында қызметкерлерді шатырдан секіріп кетемін деп жиі қорқытқан екен. Алайда 18 жасқа толып, Түркістандағы ересектерге арналған жындыханаға келіп түскеніне 8 айдан асса да Маржаннан әлі күнге дейін ауытқышулық белгілері байқалмапты. Түркістандық мамандар Маржанның жағдайы қалыпты екенін айтуда.

Жақында NUR.KZ  редакциясына Маржанның көмек сұрап, өзін құтқаруды өтінген аудиожазбасы келіп түсті. Сөйлеген сөзі мен дауыс ырғағына қарап, Маржанның ақыл-есі сау екенін байқауға болады.

Facebook әлеуметтік желісінде Айгүл Орынбек есімді пайдаланушы Маржанның туу куәлігінің көшірме суретін орналастырыпты. Ондағы мәліметке сүйенсек, Маржан өгей шешем деген әйел оның шын мәнісінде анасы болып келеді.

Әлеуметтік желілерде Маржан Тұрлыбаеваны қолдаушылар қатары күн санап артып келеді. Танымал тележүргізуші Жанат Бақыт, әншілер Алтынай Жорабаева мен Дастан Оразбеков Instagram парақшасында Маржанға қолдау көрсетуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007558-oqo-da-zhyndykhanagha-toghytylghan-boyzhet.html