RU

Даниялық сәулетші Алматының келбетін қалай өзгертеді? (фото)

Алматыға қала басшылығының шақыруымен ағымдағы жылдың 11-13 қаңтары аралығында белгілі даниялық сәулетші, қала дизайны бойынша кеңесші Ян Гейл келеді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан хабарлады деп жазады Қазақпарат.

Үш күндік сапары барысында шетелдік қонақ Алматы қаласының бейнесін өзгерту бойынша өз тұжырымдамасын ұсынады. Сонымен қатар, ол Алматы қаласының басшылығымен, қала құрылысы кеңесімен және қаланы абаттандыру ісімен айналысатын жеке компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізеді. Бұдан басқа, даниялық урбанист үкіметтік емес ұйымдармен, студенттермен және меценаттармен да кездеседі.

Айта кетелік, Ян Гейл қаланың қоғамдық кеңістігін зерттеуші ірі ғалым. Ол осы кеңістікті ұтымды пайдалану, қала құрылысын лайықты жүргізу, жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу ісімен айналысады. Көптеген елдерде жергілікті қала әкімдіктерінің кеңесшісі қызметін атқарған. Оның идеялары Данияда, одан кейін Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Австралия елдерінің қалаларында кеңінен қолданылған.

Ол Gehl Architects фирмасының негізін қалаушы.

Ян Гейл өткен жылы Алматы қаласының ерекшелігін зерттей келе, қаланы жергілікті тұрғындар мен қонақтар үшін жайлы етудің жолдарын ұсынған болатын. Осылайша, оның кеңесімен 2015 жылы қаланың сегіз ауданында жүргінші жолдары, демалыс орындары, спорт және балалар алаңқайлары салынды. Веложолдар желісі кеңейтілді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007638-daniyalyq-sauletshi-almatynynh-kelbeti.html