RU

СІМ: Түркия Қазақстанға визасыз режимді тоқтататынын әлі ескерткен жоқ

Қазақстан  Сыртқы істер министрлігі Түркия тарапынан Қазақстанмен визасыз режимді тоқтататындығы жайлы ресми ескерту алған жоқ.

Бұл жайында Қазақпаратқа СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім еткен.

«Қазіргі уақытта біз түрік тарапынан Қазақстан азаматтары үшін визасыз режимді тоқтату ниеті туралы ешқандай ресми ескерту алған жоқпыз», - деді ол.

Айта кетерлігі, Астанадағы Түркия Елшілігі де түрік елінен әзірше ешқандай ресми ақпарат келіп түспегендігін мәлімдеді.

«Елші мырза Түркиядан ресми ақпарат келіп түспегендігін айтты. Ақпарат келіп түскен бетте біз хабарын береміз», - деді Елшілік қызметкері телефон арқылы.

Түркияның 89 елмен, оның ішінде Қазақстанмен де визалық режимді қалпына келтіретіндігі туралы ақпарат haberizmir.com сайтында жарияланған болатын.

Аталған ақпаратқа қарағанда, мұндай шешім Түркия мен Еуропалық одақ арасында визалық режімді жеңілдету және реадмиссия туралы келісімнің қол қойылуына байланысты қабылданған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007818-sim-turkiya-qazaqstangha-vizasyz-rezhim.html