RU

Ақтөбелік полицейлер 20 күн бұрын жоғалған ер адамды іздеуді ұмытып кеткен

Ақтөбеде 50 жастағы азамат жоғалып кетті деп хабарлайды NUR.KZ. тілшісі.

Боранбай Тәжіғарин 19 желтоқсан күні түс ауа үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткеннен оралмаған.

«Сол күні әкеміз үйде демалып жатты. Күндізгі сағат 2-лер шамасында үйден шығып кеткен. Кешкі 6-ға дейін үйге келмеген соң, туыстарға хабарластық. Ешкімнің үйіне бармаған. Біз алаңдап, Зауыт полиция бөлімшесіне арыз жаздық»,-дейді Кәмшат Боранбайқызы.

Елу жастан асқан Боранбай Тәжіғарин зауытта жұмыс жасайды. Бір айға жуық уақыт хабарсыз кеткен отағасын екі қызы мен жұбайы күтіп отыр. Бұрын соңды хабарсыз кетпейтін әкесіне алаңдаған қыздары полиция тарапынан ешқандай көмектің болмай отырғанын айтады.

«Зауыт полиция бөлімшесіне арыз жазғаннан кейін учаскелік полицияға бардық. 20 күннен соң ол «ештеңе білмеймін, маған хабар түскен жоқ» деп қарап тұр. Бөлімшедегілер хабарландыруды электронды түрде жібергендерін айтады. Учаскелік полиция оны қарамаған. Көшедегі бейне бақылаулар арқылы да іздемей отыр. Шанхай ауданында үйдің қасындағы дүкен камерасынан қарағанда сағат 2-ден өте сол маңда жүрген. Біз әкемізді машина қағып кетті болмаса, біреу салып алып кетті деп қауіптенеміз. Бейнебақылау камералары арқылы іздесе жеңіл болар еді. Бірақ, полиция  құлықсыздық танытып отыр»,- дейді әкелерінен хабарсыз қалған қыздар.

Тәжіғарин Боранбай Саханович

11.01.1964 жылы туылған

Үйден шығып кеткенде үстінде қара-көк түсті арнайы киім болған.

Суреттегі ер азамат туралы хабар білетіндерге мына телефондарға хабарласуларыңыз сұралады. 8(7132)952611, 87014365769, 87053829326

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1007823-aqtobelik-policeyler-20-kun-buryn-zhoghal.html