RU

Ресей Украинадан тасымалданатын тауарларды өз шекарасы арқылы Қазақстанға өткізбей жатыр

Елімізде украиналық тауарлардың бағасы қымбататуы мүмкін. Ресей өз территориясы арқылы Украинадан Қазақстанға тікелей жүк тасымалдауға тыйым салды.

Ал, транзиттік жол ұзарған сайын кәсіпкерлердің шығыны артып, сәйкесінше өнімнің құны көтеріледі деп хабарлайды КТК арнасы.

Ресми Мәскеу мұндай шектеуді Киев Еуроодақпен еркін сауда-саттық жүргізу туралы келісімге қол қойған соң енгізіп отыр. Яғни, енді Украинадан келетін ауылшаруашылығы өнімдері, шикізат, азық-түлік және өзге де тауарлар бұрынғыдай Ресей арқылы тікелей Қазақстанға экспортталмайды. Украинадан шыққан жүк көлігі алдымен Беларусқа келеді, кейін Ресейдің алдын-ала белгіленген 8 өткізу пунктінде тексеруден өтіп, Қазақстанға жөнелтіледі.

Ал, Украина тауарларын тек Қостанай облысындағы «Қайрақ», батыстағы «Сырым» мен «Жайық» пунктері арқылы қабылдай аламыз. Сондай-ақ, әрбір жүк көлігін ресейлік кеденшілер жол бойы қарауылдап шекараға дейін шығарып салады. Сөйтіп, транзиттік жол 400 шақырымға дейін ұзармақ. Жаңа талап күшіне енгелі елімізге Украинадан тауар экспортталмапты. Әзірге жүк көліктері жолда тұр.

"167 көлік  қазір Ресей-Украина бекеттерінде кейін қайтарылып, олар қазір Беларусь арқылы қайтадан транзитпен Қазақстанға жөнелтілуі керек. Қосымша алым алынады 100 шақырымға орташа есеппен 3 рубль", - дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Қайрат Маубаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1008069-resey-ukrainadan-tasymaldanatyn-tau.html