RU

Қазақстанда осы аптада шенділердің қайсысы жаңа қызметке тағайындалды?

Ағымдағы жылдан бастап елімізде жергілікті полиция қызметі жұмыс істей бастағаны белгілі. Осы аптада бірқатар өңірде жаңадан құрылған ведомстволардың басшыларын тағайындау жүргізілді.

Қазақпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық ауыс-түйіске шолу жасайды.

Осы аптада қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының ғарыш жүйелерін құру және пайдалану жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. Алматы облысының тумасына Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін елбасы Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі - Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.

«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне Сағиев Айбек Игілікұлы тағайындалды.

Қазақстан президентінің Жарлығымен Алтынбек Баянов Бостандық аудандық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Ол бұған дейін № 2-ші Әуезов аудандық сотының төрағасы қызметін атқарып келген болатын. Ал № 2-ші Әуезов аудандық сотының төрағасы болып, Батыс Қазақстан облысының сот жүйесінде сегіз жыл қызмет атқарған Ербол Түлеев кірісті. Ол соңғы екі жыл барысында Қазталов аудандық сотын басқарған. Сонымен қатар, Алатау аудандық сотының төрағасы қызметіне бұған дейін  № 2-ші Алмалы аудандық сотында судья қызметін атқарып келген Дәурен Тілеубаев тағайындалды.

Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Абдуалиев Айдар Сейсенбекұлы Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Ал Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетовтің Қостанай облыстық мәслихатының депутаттарымен келісу бойынша шығарған өкімімен Ысмағұлов Нығмет Әуезханұлы жергілікті полиция қызметінің басшысы болып тағайындалды.

Сонымен қатар осы аптада бірқатар өңірлерде жергілікті полицияның басшылары тағайындалды.

Қызылорда облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Қобландин Қалижан Жеңісбекұлы келді.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Бахытжан Халилұлы Бейсеев Жамбыл облысының ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы болып тағайындалды.

Қарағанды облысы Ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы болып, полиция полковнигі Жалғасбай Жақаев тағайындалды.

Астана қаласы әкімшілігі мен мәдениет басқармасының шешімімен Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры болып Айболат Сексенбаев тағайындалса, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы лауазымына Балтабек Абылаев келді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1008239-qazaqstanda-osy-aptada-shendilerdinh-q.html