RU

Еркеш Шәкеев "Твои шаги" әнінің трагедиялық тарихы жайлы баяндап берді

Танымал сазгер, ақын әрі әнші Еркеш Шәкеев Facebook қолданушыларына көпшіліктің сүйікті әніне айналған, Батырхан Шүкенов орындайтын  "Твои шаги" туындысының тарихы жайлы баяндап берді.

Шәкеев әннің сөзін мәскеулік өнерпаз Владимир Ковалевтің музыкасына жазған. Бірақ әртіс музыка авторымен ешқашан жүздеспеген.

"Оның музыкасына екі рет сөз жаздым. Батырдың орындауындағы «Ревнивая» және «Твои шаги» әндерінің мелодия авторы Ковалев нағыз дарын иесі, өз ісінің шебері, өнерді жан-тәнімен сезе біледі. Мұндай адамдарды поп-музыка саласында сирек кездестірдім", - дейді сазгер.

Шәкеевтің айтуынша, аталмыш әннің мелодиясына бір жарым жыл бойы сөз жазылмаған, тек бір сәтте, шәй үстінде сазгердің ойына дайын өлең шумақтары келе бастайды. Сол шақта бірден қолына қағаз бен қалам ұстаған Шәкеев әннің сөзін лезде жазып шығады.

Еркеш Шәкеев әннің шығу тарихы аса қайғылы екенінен сыр шертті.

"80-жылдардың соңында Шымкентке сыныптасым Әбіштің үйлену тойына бардым. Досымның құрдастарының арасында Ғазиза есімді қызбен таныстым. Жаңа таныстармен жақсы отырып, бірнеше күн естен кетпестей көңіл көтердік", - дейді Шәкеев.

Кейіннен әлгі бойжеткен Шәкеевті Көкшетауға арнайы іздеп келіпті. Медициналық институттың жолдауымен келдім деген жас қыздың көзінен оның шынайы ниеті білініп тұрған. Сазгер бойжеткенге үйіне танысы ретінде тұруға рұқсат беріп, орналастырған көрінеді.

Шәкеевтің ата-анасы Ғазизаға бірден бауыр басып, оны әңгіме арасында ұлымен қоса бастайды. Бірақ, қызға деген ешқандай сезімі жоқ Шәкеев Ғазизадан басқа жерге көшуін өтінеді.

Бойжеткен Шәкеевтер отбасының жақсы досы Бисара Мәкеноваға қоныс аударады.

"Әлі есімде, сол жылы қыста қатты тамағым ауырып, ауылдық ауруханаға түсіп қалдым. Бір күні күтпеген жерден менімен көрісуге Ғазиза келді. Оның мөлдіреген көздерінен шынайы сезімін байқадым. Сол сәтте бейтаныс жігіт үшін бәрін тастап, сонау Алматыдан көшіп келген сүйкімді аруға деген жылы сезімім оянды. Қалаға шықпай-ақ қой, біздің үйге бар, анам қуанып қалар дедім. Ол сәл жымиды да, үнсіз қалды", - деп еске алады сазгер.

Келесі күні сазгер Ғазизаның қалаға баратын соңғы автобустардың біріне отырып, аялдамадан түскен соң, оны жүйткіп келе жатқан көлік қағып кеткенін естіген.

Біраз жыл өткен соң "Твои шаги" әнінде сол қызға деген сағынышын сазгер ақ қағазға жыр шумақтары етіп түсірген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1008965-erkesh-shakeev-tvoi-shagi-anininh-tragedi.html