RU

Дәрігер: Бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түсіп, бедеулікке шалдығатындар көбейіп барады

Ақтөбеде бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа түсіп, бедеулікке шалдыққан отбасылар көбейген деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Аймақта 20 жасынан бедеулікке шалдыққан жас отбасылар бар. Олардың дені - кез келген адаммен жыныстық қатынасқа түсіп, инфекция жұқтырғандар.

Ақтөбе облысында бедеулікке шалдыққан 5 мың отбасы бар. Оның 643-і арнайы есепке алынған. 220 отбасы ЭКО кезегінде тұр. 2014 жылы 40 жұпқа жасалынған ЭКО нәтижесінде 2015 жылы 18 отбасына бала сүю бақыты бұйырған.

«ЭКО-ға 37 жасқа дейінгі отбасыларды дайындаймыз. Көпшілігі жас, 20 жастан бастап ЭКО-ға кезекке тұрып жатқандар бар. Жыл санап бедеулікке шалдыққандар саны көбейіп барады. Оған себеп -  инфекция, тұрақсыз жыныстық қатынас, бірнеше адаммен жыныстық қатынаста болу. Бұл қиындық әйелдерде ғана емес, ер адамдарда да осы проблема. Бізде ер адамдар мойнына алмайды, проблеманы әйелінен көреді. Бізге тіркелген отбасыларды жұп қылып бірге тексереміз. Сол кезде ер адамдың да ұрығы жарамсыз екені анықталып жатады», - дейді Ақтөбе облысының бас гинекологы Мақсат Серғазин

Бас гинеколог қоғамда екі адам арасында жыныстық қатынастың тұрақты емес екендігін айтады. Екі тарап та жыныстық қатынаста жұбының өзгеріп отыруынан түрлі ауру жұқтырады екен.

«Бедеулік қазір көбейді. Ер адамның да, әйел адамның да денсаулықтары өте нашар. Жауапкершіліктері жоқ. Ретсіз жыныстық қатынас өмірін таңдайды. Бірнеше адаммен жыныстық қатынасқа барып, түрлі инфекция жұқтырады. Жеңіл жүріске салыну - бедеулікке шалдығудың бір жолы», - дейді бас гинеколог.

Өңірде бедеулік проблемасы өте өзекті. Ерлі-зайыптылардың 17 пайызы бала сүю бақытынан айырылған.

«Дәрігерге тексеріліп тұру керек. Жүктілікті алдын ала жоспарлау, қыз баланы да, ер баланы да отбасынан тәрбиелеген дұрыс. Ашық айту керек. Біз жасөспірімдер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде олардың дені ақпаратты ғаламтордан алатынан анықтадық. 3 пайызы ғана отбасынан алады екен. Ол төмен көрсеткіш. Жыл аяғында 65 жасөспірімнен жүктілік анықталды. Оның 58-і босанды», - дейді Мақсат Серғазин.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1009128-dariger-birneshe-adammen-zhynystyq-qat.html