RU

Шетелдік басылым Қазақстан Ұлттық қорының қаржысы қай уақытта бітетінін болжады

Шетелдік Wall Street Journal басылымы Қазақстан Ұлттық қорының қаржысы қай уақытта бітетінін болжады деп хабарлайды NUR.KZ порталы «Открытая Азияға» сілтеме жасап.

"Қазақстан Ұлттық банк өкілінің айтуынша, Қазақстан Ұлттық қорындағы 64 млрд доллар алты немесе жеті жыл ішінде таусылуы мүмкін. Себебі, мұнай бағасы арзандаған сайын қорға мұнай экспортынан келіп түсетін қаражат азайып жатыр, үкімет ел экономикасына қолдау көрсету үшін Ұлттық қордың қаражатын жұмсап жатқаны да әсер етуде", - деп жазады Wall Street Journal.

Басылымның мәліметіне сенсек, үкімет жыл сайын қордан $9,5 млрд жұмсайды.

"Ұлттық қордағы жинақ ақша көлемі 2014 жылдың тамызындағы 77 млрд доллар болған шекті көрсеткішпен салыстырғанда 17%-ға түсіп кеткен. Үкімет жыл сайын қордан $9,5 млрд жұмсайды. Қазақстандық саясаткерлер және Ұлттық банк шығынды азайтып, салық салымын көбейтуі және қорға тікелей инвестиция секілді жоғары түсімді активтер салуы тиіс. Біз Ұлттық әл-ауқат қорын "жеп жатырмыз". Біз жинап үлгерген қаражат - капитализацияға бағытталған жалғыз ақшамыз. Үкімет Ұлттық қордың инвестициялық менеджментіне назар аудару керек", - дейді Ұлттық банктің 2012 жылы құрылған Ұлттық инвестициялық копорациясы басшысы Берік Өтемұрат.

Қазақстаннан бастап Сауд Арабиясына дейінгі елдердің Ұлттық қорындағы триллиондаған доллар қауіпті жағдайда тұр деп жалғастырды басылым.

"Бұл елдердің үкіметі жоғары мұнай табысына үйреніп қалып, тәуелсіз қордың қолма қол ақшасына қол жүгіртті. Халықаралық валюталық қор Азия, Африка, Латын Америка және Таяу Шығыс елдеріне тәуелсіз активтер мәселесіне орай жоспар құруға кеңес береді", - деп жазады шетелдік басылым.

Өтемұрат болса, өз жұмысынан айырылып қаламын ба деп алаңдаулы. Оны қызметке тағайындаған Ұлттық банк төрағасы 2014 жылы қызметінен кеткен. Ал ұлттық банктің жаңа басшысымен кездескен Өтемұрат Ұлттық инвестициялық корпорацияның болашағы бұлыңғыр деген тоқтамға келген. Ұлттық банк төрағасының орынбасары әлі күнге дейін тағайындалмаған.

"Ұлттық банк жаңа басшысының басқа мәселелермен қолы босамай жүр. Соңғы екі жылда бірталай жұмыстар атқарған басты бағытымыз қараусыз қалуда”, - дейді Өтемұрат.

Қазақстанның Ұлттық банкі бұл орайда мәлімдеме жасаудан бас тартты.

"Егер $100 млрд-қа түсім мөлшері жылына $5-6 млрд болса, бұл үкіметке бірталай қолғабыс болар еді. Біз түсімдерді ашық етіп, қалай инвестициялайтынымыздан бастап капиталдың келу-кетуіне дейін ақпаратты жария етіп отыруымыз керек. Алайда қазіргі уақытта мұны жасау қиын", - деп жалғастырды Өтемұрат.

"Ұлттық қордың ақша көзі болып табылатын Қазақстан мұнай кен орындарының пайдасын бөлісу туралы келісімшарт көпшілікке қолжетімді емес, қор, тіпті өзінің жеке сайтын да ашпаған", - дейді ол.

35 жастағы Ұлттық корпорация басшысы болса, өзін халықаралық тәжірибесі бар қазақстандықтардың жаңа ұрпақ өкілі санайтынын алға тартқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1009261-sheteldik-basylym-qazaqstan-ulttyq-qo.html